
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 2 наурыз – ҚР Сыртқы істер министрлігі бүгін БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесімен бірлесе «Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелігінің 30-жылдығы» атты халықаралық конференция өткізді.
Іс-шараға елімізде аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ отандық дипломатиялық қызметтің көрнекті қайраткерлері қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин еліміздің БҰҰ-ға мүше болған 30 жыл ішінде көпжақты дипломатия саласына қосқан үлесі туралы айтып берді.
«Қазақстанның халықтардың бүкіләдемдік қауымдастығына толыққұқықты мүше ретінде қосылуы тәуелсіздігіміздің айғағы мен БҰҰ тұғырлары болып табылатын жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік, даму және адам құқықтарының қағидаларына беріктігіміздің растауы болады», – деді ол.
Отандық дипломат Қазақстанның БҰҰ аясында келесі маңызды бастамаларды ілгерілету және жүзеге асыруды атап өтті: Орталық Азия өңірінде ядролық қарудан азат аймақ құру, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру және одан әрі ілгерілету, Сирия бойынша Астана процесі шеңберіндегі көпжақты келіссөздерге жәрдемдесу, өркениетаралық және дінаралық диалогты қолдау сияқты маңызды бастамалар атап өтілді. Осы орайда, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануын және оған 2017-2018 жж. мүшелік пен төрағалық ету бағдарламасының табысты жүзеге асырылуын еліміздің Ұйымның қызметіне мазмұнды үлесінің мойындауы ретінде қарастыруға болады.
Министрдің орынбасары іс-шараға қатысушыларды БҰҰ-мен ынтымақтастық шеңберіндегі Қазақстанның денсаулық сақтау, экономиканы декарбондау, өңірлік ынтымақтастық және Ауғанстанның бейбіт және тұрақты дамуы үшін халықаралық күш-жігерге жәрдемдесу сияқты салалардағы басымдықтармен таныстырды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан БҰҰ миссиясының «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елдің одан әрі демократиялық және қоғамдық трансформациясына мемлекетіміздің стартегиялық курсымен үндестігін айтып, БҰҰ-мен ынтымақтастыққа депуттардың үлесіне ерекше көңіл бөлді.
«2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) жөніндегі БҰҰ Күн тәртібін жүзеге асыру Үкімет үшін де, Парламент үшін де аса маңызды мәселе болып табылады», – деді депутат. Оның айтуынша, «қазіргі кезде ОДМ еліміздің стратегиялық дамуының бағдарламалық құжаттарына 80%-ке енгізілді, ал Парламент биыл шілдеде Орнықты даму бойынша БҰҰ саяси форумында ұсынылуы тиіс Қазақстанда ОДМ-дарды жүзеге асыру бойынша Ерікті ұлттық шолуды дайындауға белсенді атсалысуда». А. Құспанның пікірінше, тиісті іс-қимыл басымдықтарының бірі – әйелдердің құқықтарын нығайту және мүмкіндіктерін кеңейту. Соңғы жылдары Қазақстанда Гендерлік теңсіздік индексі 60%-ке төмендеді, ал Парламент пен жергілікті өкілдік органдарында әйелдер мен жастар үшін 30% квотасы енгізілді.
БҰҰ-ның ҚР-дағы Тұрақты үйлестірушісі М. Фриберг-Стори БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің БҰҰ-ға мүше болуымыздың 30-жылдығына орай жолдаған арнайы үндеуін оқып шықты.
«Соңғы отыз жылда біз өңірдегі және бүкіл әлемдегі бейбітшілікке, тұрақтылыққа және әлеуметтік өрлеуге деген ұмтылыста одан да тығыз серіктестік орнаттық. Қазақстан көпжақты жүйенің Орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге және жаһандық мәселелерді шешудің маңызды жақтаушысы болды», – деді БҰҰ Бас хатшысы.
Өз кезегінде, БҰҰ өкілдігінің жетекшісі былай деді: «Біздің Қазақстан үкіметімен стратегиялық серіктестігіміз нығайып келуде. Алдағы жылдарға үкіметпен және өзге де мүдделі топтардың ішкі, өңірлік және халықаралық деңгейде стратегиялық маңызы бар жаңа кезеңде БҰҰ мен Қазақстан арасындағы серіктестіккен маңызды өзерістер ықпал етеді. Біз үкіметтің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жаңа қуат алған әрекеттерін қолдаймыз. Қазір өзара сенімді қалпына келтіруге, жаңа қоғамдық шарт қалыптастыруға және адам құқытар мен гендерлік теңдіктің кешенді түсінігін нығайту үшін қолайлы кезең».
ҚР БҰҰ жанындағы ең алғашқы Тұрақты өкілі А. Арыстанбекова Қазақстанның БҰҰ-ға кіру процесі туралы құнды естеліктерімен бөлісті.
«Жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан өзінің мүшелігі басталғанан бері осындай «халықтар қауымдастығында» белсенді рөл ойнай бастады. Сегіз жыл бойы мен біздің БҰҰ-мен ынтымақтастығымыздың қалыптасуы мен кеңеюіне және халықаралық, саяси, әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық мәселелерді шешуге еліміздің қатысуына тікелей атсалыстым. Еліңнің әлемнің басты халықаралық ұйымына қабылдануына қатысуды және сол ұйымда жұмыс істеуді бүгінде де дипломат маманыдығының иесінің бағына жанатын ең қызықты миссия мен үлкен абырой деп білемін», – деді ол.
ҚР БҰҰ жаныдағы Тұрақты өкілі лауазымында еңбек еткен басқа да танымал отандық дипломаттар – Мәдина Жарбосынова мен Бірғаным Әйтімова да – Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастық тәжірибесіне қатысты өз пікірлерімен бөлісті.
Іс-шараға қатысушылардың назарларына БҰҰ Бас хатшысының жаһандық коммуникациялар жөніндегі орынбасары М. Флемингтің құттықтау бейне үндеуі, сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісінің кеңсесі дайындаған Қазақстанның БҰҰ алаңындағы соңғы 30 жылдағы жұмысы туралы бейнеролик ұсынылды. «БҰҰ үлгісі» пікірсайыс клубтарының қозғалысына қатысушы студент жастардың өкілдері де қазіргі әлемдегі көпжақты ынтымақтастықтың маңызы туралы өз пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара аясында қатысушыларда сондай-ақ ҚР Президентінің архивімен бірлесе ұйымдастырылған Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуының 30-жылдығына арналған тақырыптық құжаттар көрмесімен танысуға мүмкіндік болды.