Бангкокта Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Бангкокта Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Корольдігіндегі Елшілігі Қазақстанды Таиланд нарығы үшін перспективалы туристік бағыт ретінде ілгерілетуге арналған мамандандырылған семинардың бірлескен ұйымдастырушысы болды. Іс-шара Таиланд туристік агенттіктер қауымдастығының (TTAA) алаңында өтті.

Іс-шараға туристік саланың 55-ке жуық өкілі офлайн форматта, сондай-ақ 100-ге жуық туристік компанияның өкілдері бейнеконференцбайланыс арқылы қатысты.

Семинар барысында туристік индустрия өкілдеріне Қазақстанның негізгі туристік бағыттары, елдің бірегей табиғи және мәдени көрікті жерлері, сондай-ақ тай саяхатшылары үшін перспективалы туристік маршруттар таныстырылды. Таиландтан Қазақстанға келетін туристер ағынының серпініне және екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға Таиландтан шамамен 10-15 мың турист келген. 2026 жылы Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артуы және көлік қатынасының қолжетімділігінің кеңеюі аясында туристер ағыны 20-25 мың адамға дейін ұлғаяды деп күтілуде.

Таиландтың туристік бизнес өкілдері жаңа туристік өнімдерді әзірлеуге және қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытты. Қатысушылар заманауи инфрақұрылымды, бірегей табиғатты және бай мәдени мұраны үйлестіретін Орталық Азиядағы жаңа бағыт ретінде Қазақстанға қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.

TTAA вице-президенті Джинтана Ветчапинанның айтуынша, Қазақстанның таулары мен көлдері, табиғи көріністері, бай мәдени мұрасы және қарлы қысы тай саяхатшылары үшін ерекше тартымды. Ол TTAA туристік ағынның одан әрі өсуіне B2B-байланыстарды дамыту, соның ішінде әр жылдың қаңтар айында өтетін Таиланд халықаралық туристік көрмесі (TITF) аясында іскерлік кездесулер өткізу, сондай-ақ Қауымдастық мүшелеріне Қазақстан бойынша турөнімдер әзірлеп, оларды Таиланд нарығында ілгерілетуге мүмкіндік беретін таныстыру сапарларын ұйымдастыру арқылы ықпал ете алатынын атап өтті.

TTAA басқарма мүшесі Панитта Вонгсук соңғы екі жыл ішінде Қазақстан тай туристік бизнесі арасында белсенді түрде ілгерілетіліп келе жатқанын айтты. Ол туроператорлар арасындағы B2B форматындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, бүгінгі семинар Қазақстанның туристік бағыт ретіндегі танымалдығын арттыруға және салалық байланыстарды нығайтуға арналғанын жеткізді.

Семинардың өткізілуі Қазақстан мен Таиланд арасындағы туристік байланыстарды нығайту және Оңтүстік-Шығыс Азияның перспективалы нарықтарының бірінде еліміздің туристік брендін ілгерілету жолындағы кезекті практикалық қадам болды.

Анықтама үшін: Таиланд туристік агенттіктер қауымдастығы (Thai Travel Agents Association, TTAA) елдің туристік саласындағы жетекші кәсіби ұйымдардың бірі болып табылады және 1 мыңнан астам туристік компанияны біріктіреді. Қауымдастық шығу туризмін дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және Таиланд нарығында жаңа шетелдік туристік бағыттарды ілгерілетуге жәрдемдеседі.

Ү.ж. 25 мамырында Бангкокта өткен Қазақстан-Таиланд бизнес-форумы аясында Алматы облысының әкімдігі мен TTAA арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Таиландтың туристік индустриясымен өзара іс-қимылды нығайтуға, Алматы облысының туристік әлеуетін тай нарығында ілгерілетуге, екі елдің туроператорлары арасында тікелей байланыстарды дамытуға және Таиландтан Қазақстанға туристік ағынды арттыруға жәрдемдесуге бағытталған. Өзара туризмді дамытудың қосымша факторы – дамыған тікелей әуе қатынасының болуы: қазіргі уақытта Қазақстан мен Таиланд арасында аптасына 23 тұрақты әуе рейсі орындалады.