Қазақстанның туристік әлеуеті Пхукет аралында таныстырылды

Қазақстанның туристік әлеуеті  Пхукет аралында таныстырылды

Пхукет, 2026 жылғы 26 маусым – Пхукет аралында Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге және еліміз туралы тай тілінде алғаш рет жарық көрген туристік жолсілтеменің тұсаукесеріне арналған іс-шара өтті.

Іс-шараға Таиланд Сыртқы істер министрлігінің, Пхукет провинциясы әкімшілігінің, Таиланд Туризм басқармасының, туристік қауымдастықтардың, жетекші туристік компаниялардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Тұсаукесер барысында қонақтарға Қазақстанның негізгі туристік бағыттары, сондай-ақ елдің бай мәдени-тарихи мұрасы, табиғи ландшафттарының сан алуандығы және жыл бойы демалуға мүмкіндік беретін туристік әлеуеті таныстырылды.

Іс-шара туризм саласының өкілдері тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Қатысушылар Таиланд азаматтарының Қазақстанға жаңа әрі келешегі зор туристік бағыт ретінде қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Таиланд Туризм басқармасының Пхукеттегі өкілдігі тай тілінде жолсілтеменің жарық көруі Қазақстан мен Таиланд арасындағы гуманитарлық және туристік байланыстарды одан әрі нығайтуға маңызды қадам болатынын, сондай-ақ тай аудиториясы арасында Қазақстанның танымалдылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстан мен Таиланд арасындағы туристік ынтымақтастық тұрақты оң динамикамен және өзара жоғары қызығушылықпен сипатталады. Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, инвестициялық байланыстарды жандандыруға және қонақжайлылық индустриясында бірлескен жобаларды дамытуға, оның ішінде қонақүй инфрақұрылымын құруға және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын кеңейтуге ниетті.

Анықтама: 2025-2026 жылдары Таиландқа 175 мыңнан астам Қазақстан азаматы барған. Осы кезеңде Қазақстанға шамамен 10-15 мың Таиланд азаматы келген.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Таиланд арасында аптасына 23 тікелей рейс орындалады. Бұл рейстер Бангкокты Алматы және Шымкент қалаларымен, сондай-ақ Пхукетті Астана және Алматы қалаларымен байланыстырады. Әуе қатынасын «Air Astana», «SCAT» және «AirAsia X» авиакомпаниялары жүзеге асырады.