
Бангкок, 2026 жылғы 27 мамыр — Таиланд Корольдігіндегі іскерлік бағдарлама аясында және THAIFEX – Anuga Asia 2026 халықаралық көрмесіне қатысу қорытындысы бойынша қазақстандық бизнес өкілдері мен Қазақстанның Таиландтағы Елшілігінің қатысуымен «CPRAM» өндірістік кәсіпорнына сапар ұйымдастырылды.
Сапар барысында қатысушылар компания қызметімен, өндірістік процестерімен, сапаны басқару жүйесімен, корпоративтік стандарттарымен және азық-түлік өндірісін ұйымдастырудағы заманауи тәсілдермен танысты. Қазақстандық тарапқа кәсіпорынның өндірістік қуаттарын дамыту, инновациялық шешімдерді енгізу және тұрақты дамуды қамтамасыз ету бағытындағы тәсілдер туралы ақпарат ұсынылды.
Іс-шараға тайлық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен жобаларды дамытуға және азық-түлік өнеркәсібі мен өнімді қайта өңдеу саласындағы озық тәжірибені зерделеуге мүдделі Қазақстанның іскер топтарының өкілдері қатысты.
Кездесуге қатысушылар мұндай сапарлар практикалық сауда-экономикалық өзара іс-қимылды дамытуға, тәжірибе алмасуға және инвестициялық әрі өндірістік ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Қазақстан агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі, өнімді қайта өңдеу, логистика және инвестициялар салаларында Таиландпен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілігін растады, сондай-ақ тай компанияларын қазақстандық серіктестермен ынтымақтастық мүмкіндіктерін және Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру әлеуетін қарастыруға шақырды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар екіжақты іскерлік ынтымақтастықты дамыту және өзара іс-қимылдың жаңа перспективалы бағыттарын іздестіру мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Анықтама үшін: CPRAM — CP Group құрамына кіретін Таиландтың жетекші компанияларының бірі. Компания дайын тағамдар, мұздатылған және салқындатылған өнімдер, сондай-ақ нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндірісіне маманданған. CPRAM Таиландтағы «7-Eleven» желісінің ең ірі өнім жеткізушілерінің бірі болып табылады, сондай-ақ «Lotus’s», «Makro» және басқа да сауда желілерімен ынтымақтасады. Компания ассортиментінде 900-ден астам өнім атауы бар. Компания мәліметіне сәйкес, CPRAM-ның табысы шамамен 850 млн АҚШ долларын құрайды, ал мақсатты көрсеткіш — 932 млн АҚШ доллары. Компания жыл сайын 10%-дан астам өсім көрсетіп келеді. CPRAM инновациялар мен азық-түлік өндірісінің заманауи технологияларына, соның ішінде өзінің Food Technology Exchange Centre орталығына, автоматтандырылған «green factory» өндірістеріне және жеке R&D орталықтарына белсенді түрде инвестиция салады.