
Бангкок, 2026 жылғы 30 сәуір – Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиланд Сауда палатасы / Таиланд Сауда кеңесінің Вице-атқарушы директоры Пурисит Чангсирипунмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар қазақстан-таиланд сауда-экономикалық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарын, оның ішінде өзара сауданы кеңейту, инвестициялық өзара іс-қимылды ілгерілету, іскер топтар арасындағы байланыстарды дамыту, сондай-ақ Қазақстанның тай бизнесінің Орталық Азия және ТМД нарықтарына шығуы үшін негізгі сауда-логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін пайдалану мәселелерін талқылады.
Қазақстандық дипломат 2026 жылғы мамыр айының соңында Бангкок қаласында THAIFEX – Anuga Asia 2026 халықаралық көрмесі аясында өткізу жоспарланып отырған Қазақстан–Таиланд бизнес-форумын ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Тараптар іс-шараның ықтимал құрылымын, оның ішінде салалық мемлекеттік органдардың, ұлттық даму институттарының, сауда-өнеркәсіптік бірлестіктердің және екі ел бизнес өкілдерінің қатысуын қарастырды.
М.Баймұхан Форумның экспорттаушылар, импорттаушылар мен инвесторлар арасында тікелей байланыстар орнатуға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі, логистика, цифрлық технологиялар және басқа да басым секторлардағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға арналған практикалық алаң ретіндегі маңызын атап өтті.
Сондай-ақ тараптар қазақстандық делегация мен отандық өндірушілердің Азиядағы ең ірі азық-түлік және сауда көрмелерінің бірі саналатын THAIFEX – Anuga Bangkok 2026 көрмесіне қатысу мәселелерін жеке талқылады. Тай тарапы Қазақстанның тиімді қатысуын қамтамасыз ету үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша 2026 жылғы мамыр айына жоспарланған іс-шараларға қазақстандық делегацияның табысты қатысуын қамтамасыз ету мақсатында бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Анықтама үшін: 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Таиланд арасындағы екіжақты тауар айналымы шамамен 255,1 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 8%-ға өсті және Қазақстанның Таиландтың Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі ретіндегі мәртебесін сақтап қалды (өңірмен сауданың 70%-дан астамы). Қазақстан экспортының негізін мұнай және мұнай өнімдері, металдар, химия өнімдері және ауыл шаруашылығы шикізатының жекелеген түрлері құрайды, ал Таиландтан импорт негізінен қайта өңделген азық-түлік өнімдері, күріш, жемістер мен теңіз өнімдері, сондай-ақ автомобиль жасау, химия, электроника өнімдері мен тұтыну тауарларынан тұрады. Агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі, логистика, цифрлық экономика, туризм және инвестициялық ынтымақтастық салаларында одан әрі өсудің елеулі әлеуеті сақталуда.