
Бангкок, 2026 жылғы 24 сәуір - БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ АзТМЭӘК) 52 мүше мемлекеті арасындағы сайлау қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы БҰҰ АзТМЭӘК-ның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі технологиялар трансферті орталығының (APCTT) Басқарушы кеңесінің құрамына сайланды.
БҰҰ АзТМЭӘК жанындағы Қазақстанның Тұрақты Өкілі Марғұлан Баймұхан атап өткендей, аталған шешім Қазақстанның өңірлік ғылыми-технологиялық күн тәртібіндегі белсенді қатысушы ретіндегі ұстанымының нығаюын, сондай-ақ тұрақты әрі инклюзивті дамуды ілгерілетуге қосқан үлесінің халықаралық деңгейде мойындалуын растайды.
Басқарушы кеңес құрамына кіру елге технологиялар трансферті саласындағы өңірлік тәсілдерді қалыптастыруға тікелей қатысуға мүмкіндік береді. Бұл, атап айтқанда, аса маңызды технологияларға неғұрлым ашық әрі әділ қолжетімділікті қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеуді, сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі технологиялық алшақтықты қысқартуға жәрдемдесуді қамтиды.
Кеңес жұмысына қатысу елге озық технологияларды, инвестицияларды және жоғары білікті мамандарды тартуға, сондай-ақ жетекші ғылыми орталықтармен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер ашады.
Сонымен қатар, бұл отандық инновацияларды өңірлік деңгейде ілгерілетуге жағдай жасап, Қазақстанның сенімді серіктес әрі заманауи технологиялық шешімдерді жеткізуші ретіндегі рөлін нығайтады.
Басқарушы кеңес құрамына сайлану Қазақстан Республикасының инновациялық экономиканы дамытуға және жаһандық технологиялық үдерістерге ықпалдасуға бағытталған мемлекеттік саясатының стратегиялық басымдықтарына толық сәйкес келеді.