Қазақстандағы конституциялық референдум мен әлеуметтік-экономикалық реформалар Таиланд өңірлерінің назарында

Қазақстандағы конституциялық референдум мен әлеуметтік-экономикалық реформалар Таиланд өңірлерінің назарында

Бангкок, 2026 жылғы 11 наурызҚазақстан мен Таиланд арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту аясында Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұханның Аюттхая провинциясына жұмыс сапары өтті.

Сапар барысында Елші М. Баймұхан провинция губернаторы Чаванин Вонгсатитчираканмен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен Таиланд арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағын, сондай-ақ өңіраралық байланыстар мен экономикалық өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады.

Қазақстанның Елшісі М. Баймұхан губернаторды Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша алдағы республикалық референдумның маңыздылығы, елде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ Қазақстан мен Таиландтың сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың қорытындылары туралы хабардар етті. Әсіресе Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен екі ел арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде губернатор Ч. Вонгсатитчиракан Қазақстанға сапар жасауға қызығушылық білдіріп, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту үшін жоғары әлеует бар екенін атап өтті. Ол Аюттхая провинциясында орналасқан бес индустриялық аймақ туралы айтып, онда шетелдік инвесторлар мен халықаралық компаниялар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын жеткізді.

Сапар аясында Елші провинцияның іскерлік қауымдастығы өкілдерімен, соның ішінде Таиланд өнеркәсіп федерациясы (FTI Ayutthaya), Аюттхая Сауда палатасы және провинция Банкирлер қауымдастығының басшылығымен кездесулер өткізді.

Сондай-ақ Елші М.Баймұхан парфюмериялық өнімдер шығаратын тай-қытай бірлескен кәсіпорны «TCFF» өндірістік нысанын аралап, компанияның Орталық Азия нарығына шығу перспективаларын талқылады. Келіссөздер нәтижесінде компанияның биыл мамыр және қараша айларында Қазақстанда өтетін тамақ өнеркәсібі мен фармацевтика салаларына арналған халықаралық көрмелерге қатысуы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Елші Қазақстан экономикасының басым салалары, сондай-ақ елдегі арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда жұмыс істеу мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынып, тай компанияларын ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.

Бұдан бөлек, М. Баймұхан электротехникалық жабдықтар өндіруге маманданған халықаралық «Nidec» корпорациясының өндірістік алаңына барды. Келіссөздер нәтижесінде қазақстандық студенттердің кәсіпорында өндірістік практикадан өту мүмкіндігі жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту аясында Елші Маха Чулалонгкорн Раджавидьялая буддистік университеті мемлекеттік университетіне барды. Аталған оқу орнында шамамен 25 мың студент білім алады, олардың шамамен 20 пайызын шетелдік студенттер құрайды.

Университетте жоғары оқу орнының басшылығымен кездесу өтті, сондай-ақ Елші студенттер мен тыңдаушыларға дәріс оқыды. Дәріс барысында ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар, елдің конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетудегі рөлі, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының қызметі туралы баяндады. Аталған бастама діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған.

Сапар бағдарламасының соңында университет аумағында Қазақстанның Таиландтағы Елшілігі атынан символикалық ағаш отырғызу рәсімі өтті.

Өткізілген кездесулер Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда-экономикалық, өңіраралық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ екі елдің іскерлік қауымдастықтары, академиялық мекемелері мен өңірлері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге өзара қызығушылық бар екенін растады.

Анықтама үшін:

Аюттхая провинциясы – Бангкоктан шамамен 80 км солтүстікте орналасқан Таиландтың орталық провинциясы. Өңір өзінің бай тарихи-мәдени мұрасымен танымал, соның ішінде Аюттхая тарихи паркі бар, ол ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар провинция Таиландтың маңызды индустриялық орталықтарының бірі болып табылады: мұнда ірі өнеркәсіптік және индустриялық парктер, автомобиль, электроника және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары, сондай-ақ орталық Таиландтың маңызды логистикалық және өндірістік хабтары орналасқан.

Nidec – электр қозғалтқыштары мен электротехникалық жабдықтар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылатын жапондық жаһандық корпорация. Топ 40 елдегі 230-дан астам компанияны біріктіреді және 100 мыңнан астам қызметкерді жұмыспен қамтиды.

«TCFF» – тамақ және косметика өнеркәсібіне арналған хош иістендіргіштер мен парфюмериялық өнімдер өндіретін тай компаниясы. Өнімдерін халықаралық нарықтарға, соның ішінде Қазақстанға экспорттайды. Компанияның жылдық айналымы шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайды.