
Бангкок, 2026 жылғы 26 ақпан – Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиланд Сыртқы істер министрлігінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Африка істері жөніндегі департаментінің Бас директоры Ураса Монгколнавинмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін және Қазақстан мен Таиланд арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту бағыттарын талқылады. Саяси диалогты дәйекті түрде дамытуға, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы әріптестікті нығайтуға өзара бейілділік расталды.
Сұхбаттастар алдағы екіжақты іс-шараларға дайындық мәселелерін қарастырып, екі елдің ішкі саяси күн тәртібі бойынша ақпарат алмасты, оның ішінде Таиланд Корольдігінде өткен парламенттік сайлау және Қазақстан Республикасында жоспарланған конституциялық референдум мәселелері қозғалды.
М.Баймұхан референдумды өткізудің құқықтық және институционалдық негіздерін егжей-тегжейлі баяндап, оның демократиялық институттарды одан әрі дамыту мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі маңызын атап өтті.
Қазақстандық дипломат цифрлық трансформация және инновациялық даму мәселелеріне ерекше назар аударды. Ол Алматы қаласында БҰҰ ЭСКАТО аясында Өңірлік цифрлық шешімдер орталығын құру жөніндегі Қазақстан бастамасы туралы ақпарат беріп, оның цифрлық технологияларды ілгерілетуге, электрондық үкіметті дамытуға, цифрлық сауданы қолдауға және цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Тұрақты және инклюзивті цифрлық дамуды қамтамасыз ету үшін көпжақты құрылымдар шеңберінде күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығы айтылды.
Гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында тараптар мәдени және білім беру салаларындағы өзара іс-қимылдың халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың негізі екенін атап өтті. Мәдени іс-шаралар, академиялық алмасулар және тиісті мекемелер арасындағы ынтымақтастықтың оң серпіні белгіленіп, мәдениет, ғылым және жоғары білім беру салаларындағы байланыстарды одан әрі кеңейтуге дайындық білдірілді.
Сұхбаттастар сондай-ақ көпжақты ынтымақтастық және өңірлік күн тәртібі мәселелері бойынша пікір алмасып, халықаралық алаңдарда сындарлы диалог пен үйлесімді іс-қимылды жалғастыруға мүдделілігін растады.