Қазақстан Елшісі Таиланд Короліне сенім грамоталарын табыстады

Қазақстан Елшісі Таиланд Короліне сенім грамоталарын табыстады

Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорн Пхра Вачираклаучаоюхуаға сенім грамоталарын табыстады.

Корольдік қабылдау барысында Елші Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласы мен зор денсаулық, бақ-береке тілектерін жеткізіп, Қазақстанның Таиландпен достық әрі өзара тиімді қатынастарды одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады.

Елші Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттердің бірі ретінде Таиландпен, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктес ретінде, әріптестікті дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.

М.Баймұхан Қазақстанның соңғы отыз жылда 400 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартқан жоғары инвестициялық әлеуетін атап өтіп, тай бизнесі үшін ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібі, энергетика, логистика, туризм және озық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі зор екенін жеткізді.

Қазақстанның маңызды еуразиялық көлік-логистикалық торабы ретіндегі рөлі ерекше аталып өтті. Бұл Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралін дамытуға, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы мен құрғақ порттарды жаңғыртуға байланысты екені айтылды.

Сонымен қатар Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қосып отырған үлесіне, сыртқы нарықтарына мұнай жеткізуші жетекші елдердің бірі ретіндегі орнына және «жасыл» әрі цифрлық экономиканы дамытуға қажетті сирек кездесетін элементтер базасын қалыптастыруына ерекше назар аударылды.

Сенім грамоталарын қабылдай отырып, Король Маха Вачиралонгкорн Қазақстан Президентіне жолданған ізгі тілектер үшін алғысын білдіріп, Мемлекет басшысына зор денсаулық, ал Қазақстан халқына өсіп-өркендеу тіледі.

Король Таиланд пен Қазақстан арасындағы тығыз достық қатынастарды жоғары бағалап, екі елдің өзара байланыстары дәстүрлі достық, сенім мен құрмет негізінде дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың да ізгі ниет пен өзара түсіністік рухында алға басып отырғаны айтылды.

Сондай-ақ, Король Қазақстан мен Таиланд арасындағы жылы қарым-қатынастардың одан әрі нығаюы екі халықтың әл-ауқаты мен өркендеуіне, сондай-ақ аймақтық және жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосатынына сенім білдірді.

Король Елшіні дипломатиялық миссиясын жүзеге асыруда толық қолдайтынын жеткізіп, Таиланд билігінің барлық қажетті жәрдем мен қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

2025 жылы екіжақты тауар айналымы шамамен 260 млн АҚШ долларына жетіп, Таиландтың Орталық Азия елдерімен жалпы саудасының 70 пайыздан астамын құрағаны айтылды.