Бангкок, 2025 жылғы 27 қараша – Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі «Kazakhstan–Thailand Investment and Trade Opportunities» атты іскерлік дөңгелек үстел өткізіп, екі елдің мемлекеттік органдары, іскер топтары және сараптамалық қауымдастық өкілдерін бір алаңда біріктірді.
Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасының Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиландтың Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Қазақстанның басты серіктесі және АСЕАН аймағына маңызды қақпа екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның Таиланд үшін Орталық Азиямен байланыстыратын негізгі көпір ретіндегі рөлін және екіжақты саудадағы тұрақты оң серпінді ерекше атап көрсетті.
Бағдарламаның маңызды бөлігі Таиланд Сауда министрлігінің Сауда келіссөздері департаментінің бас директоры Чотима Лемсавадикулдың сөз сөйлеуі болды. Ол Таиландтың Қазақстанмен практикалық экономикалық серіктестікті дамытуға бейілділігін және сауда, инвестиция және логистика салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Қатысушылар агроөнеркәсіптік ынтымақтастық әлеуетіне ерекше назар аударды. Қазақстан АӨК өнімдерін жеткізу бойынша зор мүмкіндіктерге ие, бұл Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға жағдай жасайды. Өз кезегінде, дамыған қайта өңдеу және логистикалық инфрақұрылымы бар Таиланд қазақстандық ауылшаруашылығы өнімдерін өңірге ілгерілету үшін перспективалы өңірлік хаб бола алады.
Тараптар жер қойнауын пайдалану және стратегиялық минералдар саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын да талқылады. Қазақстанның әлемдік ресурс базасындағы маңызды орны екі ел өнеркәсібінде сұранысқа ие шикізатты жеткізу және қайта өңдеу бойынша өзара тиімді серіктестікке жаңа мүмкіндіктер ашады.
Дөңгелек үстелде цифрлық экономика мәселелері де қаралды. Тараптар арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум цифрлық сауда, финтех, бұлтты технологиялар, киберқауіпсіздік және зияткерлік логистика салаларында әріптестікті дамыту үшін негіз қалайды.
Елші М. Баймұхан көлік байланыстылығы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды алғышарты екенін атап өтті. Халықаралық құрылымдардың жуырдағы шешімдері ЭСКАТО желісінде қазақстандық логистикалық нысандардың рөлін арттырып, Еуразия маршруттарын Оңтүстік-Шығыс Азия инфрақұрылымдық жобаларымен түйістіруге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Дөңгелек үстелде «KazakhInvest» компаниясының Сингапурдағы өкілдігі, Қазақ-тай альянсы және «Rhenus» логистикалық компаниясының өкілдері баяндама жасады. Іс-шара B2B-B2G форматындағы мақсатты кездесулермен аяқталып, оның барысында қатысушылар практикалық ынтымақтастық жобаларын талқылады.
Қазақстан Республикасының Елшілігі барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, Қазақстан мен Таиланд арасындағы сындарлы диалогты және белсенді экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі қолдаудың маңыздылығын атап өтті.