Қазақстан мен Вануату цифрлық шешімдер саласындағы әріптестік үшін негіз жасайды

Қазақстан мен Вануату цифрлық шешімдер саласындағы әріптестік үшін негіз жасайды

Бангкок, 2025 жылғы 26 қараша - БҰҰ АзТМЭӘК штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Вануату коммуникациялар және цифрлық трансформация департаменті арасында АКТ және электрондық үкімет саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Қазақстан тарапынан аталған Меморандумға Таиландтағы Қазақстанның Елшісі, БҰҰ АзТМЭӘК жанындағы Тұрақты Өкілі Марғұлан Баймұхан қол қойды. Құжат цифрлық инфрақұрылым, цифрлық мемлекеттік қызметтерді енгізу, тәжірибе және озық практикалармен алмасу саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ кадрлық әлеуетті дамыту және технологиялар трансферті бойынша бірлескен жобаларды жүргізуді көздейді. Заманауи цифрлық шешімдерге ие және мемлекеттік басқаруды жаңғыртуда елеулі тәжірибесі бар Қазақстан Вануату серіктестеріне консультациялық және технологиялық қолдау көрсетуге дайын.

Қазақстанның Таиландтағы Елшісі, БҰҰ АзТМЭӘК жанындағы Тұрақты Өкілі М.Баймұхан Меморандумға қол қою екі мемлекет арасындағы цифрландыру саласындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестіктің негізін қалайды деп атап өтті.

Өз сөзінде БҰҰ АзТМЭӘК жанындағы Вануатуның Тұрақты өкілі Мэтью Хервиллард бұл әріптестік Вануату үшін Қазақстан көптеген жылдар бойы жинақтаған дәлелденген тәжірибе мен озық цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланудың маңызды мүмкіндігін білдіретінін атап өтті.

Екі тарап та ынтымақтастықты ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін БҰҰ АзТМЭӘК-на алғыс білдірді. Ұйымның мемлекетаралық байланыстарды нығайтудағы жетекші рөлінің арқасында екі ел сындарлы диалог құрып, осы екіжақты құжатқа қол қоюға қол жеткізді.