Израильдің озық су үнемдеу технологияларын Қазақстанда пайдалану жоспарлануда

Израильдің озық су үнемдеу технологияларын Қазақстанда пайдалану жоспарлануда

Тель-Авив, 2024 жылғы 19 ақпан – Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израильдің су мен ағынды суларды басқаруда кең өндірістік цикл ұсынатын «BlueGen Water» компаниясында болды.

«BlueGen Water» бизнесті дамыту жөніндегі бас менеджері Лиад Сиван компанияның сарқынды суларды тазарту және рекультивациялау жүйесі, сондай-ақ су айналымы, кәріз жүйелері, су құбырлары және құбыр желілерін дамыту саласындағы қызметі мен іске асырылған жобалармен таныстырды.

С. Бұршақов су үнемдеу технологияларын пайдаланудың, теңіз суын тұщыландырудың және ағынды суларды тазартудың маңыздылығын атап өтіп, осы саладағы ынтымақтастықтың әлеуетіне сілтеді. Сондай-ақ, Қазақстан басшылығының су үнемдеу жобаларына басты мән беретіні туралы баса айтылды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар су ресурстары саласындағы мүдделі жобаларды зерделеуде, сондай-ақ жақын арада компания өкілдерінің Қазақстан өңірлеріне сапарын ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.