Израиль Кнессетінде 2023 жылға арналған парламентаралық ынтымақтастықтың күн тәртібі талқыланды

Израиль Кнессетінде 2023 жылға арналған парламентаралық ынтымақтастықтың күн тәртібі талқыланды

Тель-Авив, 2023 жылғы 26 қаңтар – Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израиль Кнессеті (Парламент) Спикерінің Дипломатиялық кеңесшісі Исаак Бакманмен және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Яил Ричардспен кездесті.

Қазақстандық дипломат израильдік әріптестермен келіссөздер барысында парламентаралық ынтымақтастықтың перспективалық жоспарларын талқылап, оның аясында екі ел парламентшілерінің өзара сапарларын ұйымдастыруды ұсынды.

Елші Кнессет өкілдерін Қазақстан Президентінің мемлекетті саяси жаңғырту жөніндегі дәйекті бастамаларымен таныстырды. С.Бұршақов, өз сөзінде өткен жылы ауқымды реформалар  жүргізілгенін, осыған сәйкес елде президент сайлауы өтіп, 2023-ші жыл басы жаңа жүйедегі Сенат депутаттарының сайлауымен, сондай-ақ Мәжіліс таратылып, кезектен тыс парламенттік сайлау өткізілетінімен ерекше екенін және осылайша, елімізде басталған жаңа сайлау циклі бүкіл саяси жүйені қалпына келтіруді аяқтауға арналғанын атап өтті.

Өз кезегінде, израильдік әріптестер еліміздегі саяси реформаларды оң бағалай отырып, олардың жүзеге асуына сәттілік тіледі, сондай-ақ екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдіріп, Израильге ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының сапарын ұйымдастыруға қызығушылық танытты.

Тараптар кездесу қорытындысы бойынша екі елдің заң шығарушы органдары арқылы екі ел қарым-қатынастарын жандандыру ісінде өзара қолғабыс көрсетуге уағдаласты.