Израиль Кнессетінің Спикері парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Израиль Кнессетінің Спикері парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

2022 жылғы 15 тамыз - Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израиль Мемлекетінің Кнессет (Парламент) Спикері Микки Левимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Израиль қатынастарының жай-күйі мен келешектерін талқылады, сондай-ақ шілдеде өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысы мен екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың қорытындыларын оң бағалады.

Елші М.Левиді Қазақстан Президентінің саяси және экономикалық өзгерістер жөніндегі бастамаларының негізгі мазмұнымен, конституциялық түзетулер туралы референдумның қорытындыларымен, «Жаңа Қазақстанды» құрумен, оның аясында парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейту жоспарлармен таныстырды.

Дипломат осы күзде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін және израильдік тарап белсенді қатысатын АӨСШК Саммиті мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне дайындық жұмыстары туралы хабардар етті.

Өз кезегінде М. Леви еліміздегі қоғамдық-саяси реформаларды оң бағалай отырып, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді. Осы тұрғыда Кнессет басшысы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы М.Әшімбаевтың Израильге ресми сапармен келуге шақыруын тағы да растады.

Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттасушылар екі елдің заң шығарушы органдары бағыты бойынша екіжақты байланыстарды жандандыруға жәрдемдесуге келісті.