Қазақстан мен Израиль екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Израиль екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда

Өткен апта Қазақстан мен Израиль арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың күн тәртібі өте мазмұнды және нәтижелі болды.

11 - 12 шілдеде Нұр-Сұлтанда Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Израиль бірлескен комиссиясының 9-шы отырысы өтті.

Қазақстанға сапары барысында Израиль тарапынан Комиссияның тең төрағасы, Туризм министрі Йоэл Развозов Премьер-Министр Әлихан Смайыловпен, Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановпен, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевпен, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевпен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевпен, сондай-ақ Парламент Сенаты Аграрлық мәселелрі жөніндегі комитетінің Төрағасы Әли Бектаевпен кездесті.

Екі елдің түрлі министрліктері мен ведомстволарының, сондай-ақ бизнес-орталардың өкілдері сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, денсаулық сақтау, туризм, жаңартылатын энергия және т. б. салалардағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Тараптар Қазақстаннан Израильге бидай экспорттау және тікелей әуе рейстерін ашу туралы мәселелерін талқылады. 2021 жылы Израильден Қазақстанға 33,5 млн. АҚШ доллары көлеміндегі тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының айтарлықтай өсуі байқалды. Соған қарамастан, екі ел арасындағы сауда қатынастарын нығайту үшін үлкен әлеует бар.

13 шілдеде Иерусалимде Қазақстан мен Израиль Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Әділ Тұрсынов пен Идан Роллдың, сондай-ақ Израиль СІМ Бас директорының орынбасары Елші Гари Кореннің төрағалығымен екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында 11-ші саяси консультациялар өтті.

Келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша, сондай-ақ KazAID және MASHAV дамуға ресми көмек ұлттық агенттіктері төңірегінде пікір алмасты.

Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы ахуал, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар, екі елдің көпжақты форматтағы өзара іс-қимылы талқыланды. БҰҰ және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) аясындағы ынтымақтастық аспектілеріне ерекше назар аударылды. Дипломаттар 2022 жылғы күзде Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі мен АӨСШК VI Саммитін табысты өткізудің маңыздылығына тоқталды.

Нұр-Сұлтан мен Иерусалимде өткен іс-шараларға Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов қатысты.