
Иерусалимдегі Еврей университетінің кітапханасында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фотокөрме ашылды. Көрмеде еліміздің табиғатын, туристік әлеуетін, халқымыздың қазіргі өмірін, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастардың дамуын, оның ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Израильде болған кезедсулері мен сапарларын бейнелейтін фотосуреттер көрсетілген.
Салтанатты рәсімнің ашылуы барысында Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов университет студенттері мен оқытушыларына Қазақстанның тарихы, халқы, қазіргі экономикалық дамуы мен геосаяси рөлі туралы айтып берді.
Елші жиналғандарды Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі ретінде мойындаған Израильмен екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен келешегі туралы хабардар етті. Осы тұрғыда ол елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығын мерекелеуге қатысты келесі жылға арналған жоспарларымен бөлісті.
С.Бұршақов аудиторияның сұрақтарына жауап беріп, Еврей университетінің кітапханасына иврит тіліне аударылған Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» мен Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабын, сондай-ақ ағылшын тіліндегі Шоқан Уәлихановтың шығармалары және қазақ дәстүрлері мен Қазақстандағы туризм туралы иллюстрациялық альбомдар табыс етті.
Анықтама ретінде: Иерусалимдегі Еврей университеті 1925 жылы ашылған, Израильдегі ең ірі ғылыми және білім беру орталығы болып табылады. Университет әлемге әйгілі профессорлар мен ғалымдармен, сондай-ақ Нобель сыйлығының лауреаттарымен танымал. Оның негізін қалаушылардың қатарында атақты ғалымдар Альберт Эйнштейн, Мартин Бубер, Хайм Вайцман болды. Еврей университеті елдегі ең үздік жоғары оқу орны болып табылады және әлемдегі ең үздік 100 университеттің қатарына кіреді. Бұл оқу орнында бүгінде 23 мың студент білім алуда.