Израильде Қазақ киіз үйі тігіліп, Домбыра мен Абайдың «Қара сөздері» таныстырылды

Израильде Қазақ киіз үйі тігіліп, Домбыра мен Абайдың «Қара сөздері» таныстырылды

Тель-Авив, 2021 ж., 1 шілде - Қазақстанның Израильдегі Елшілігі Тель-Авив мэриясының және «Казцинк» корпорациясының қолдауымен қаланың ең танымал туристік аймақтарының бірі – теңіз портының жағалауында орналасқан саябақта Қазақ киіз үйін тігіп, көрме ашты. Экспозицияның ашылуы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Ұлттық Домбыра күніне орайластырылды.

Салтанатты шараға Тель Авив – Яффо қалалық кеңесінің мүшелері,  Иерусалим Патриархы III Теофиль, Сыртқы істер министрлігінің, дипломатиялық корпус, Израильдің қоғамдық және іскер топтарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қазақстандық диаспора қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов 2014 жылы киіз үй мен домбыра ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне енгізілгенін, сондай-ақ халқымыз үшін киелі киіз үйдің қасиеті мен қастерлі мәні туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Дипломат халқымыздың мәдени мұрасын таныстыру Қазақстан мен Израиль арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететіндігін атап өтті.

Тель-Авив мэрінің орынбасары Гал Шараби 1999 жылы Тель-Авив пен Алматы арасында бауырластық байланыс орнатылғанына тоқталып, қалың бұқараға он күн бойы есігі ашық тұратын киіз үй экспозициясы Тель-Авив тұрғындары мен қонақтарына қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін танып-білуге мүмкіндік беретінін айтты.

Сонымен қатар, шара аясында қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай шығарылған еврей тіліндегі «Қара сөздері» кітабының тұсаукесері өтті. С.Бұршақов кітаптың аудармашысы Полина Брукман мен «Бейт Нелли Медиа» баспа үйінің директоры Алла Серебринскаяға Қазақстан Мәдениет және спорт министрінің алғыс хаттарын табыстады.

Мереке барысында Қазақстаннан шыққан еврей қауымдастығының өкілдері ыстық ықыласпен және зор ризашылықпен еліміз туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Шағын концерттік бағдарлама қойылып, онда Бар Илан университетінің студенті Әмірлан Нажмитдинов мен Бекжан Қоңырбаев танымал қазақ композиторларының шығармаларын домбырада орындап берді. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қазақ тілінде шырқаған Израиль азаматы Ирэна Арзютова ерекше құрметке бөленді.  

Киіз үй Алматы облысында тігіліп, «Казцинк» корпорациясының демеушілігімен Израильге жеткізілді. Экспозиция есігі 2 - 10 шілде аралығында Тель-Авив портының саябағында баршаға ашық болады.