Қазақстан Елшісі Израильдің хайтек қаласына барды

Қазақстан Елшісі Израильдің хайтек қаласына барды

Тель-Авив. 2021 жылғы 24 маусым  - Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов жұмыс сапарымен Израильдің Йокнеам қаласына барды.

Қала мэрі Симон Альфаси мен бірінші орынбасары Роман Переспен кездесуі барысында аймақаралық ынтымақтастықты жандандыру, оның ішінде Йокнеамның Қазақстанның қалаларымен тікелей байланыс орнату, сондай-ақ тұрақты негізде бизнес – делегациялармен алмасу мәселелері талқыланды.

Елші Израиль тарапын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға тоқталып, Қазақстанның заманауи даму үрдісі жайлы хабардар етті. Сондай-ақ, дипломат Қазақстанның инвестициялық ахуалы және екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту үшін ең тартымды тауашалар туралы айтып берді.

Өз кезегінде С.Альфаси бауырлас қалалар байланыстары аясында 2013 жылы Қазақстанда болған сапарын жылы лебізбен еске ала отырып, Йокнеам мен Өскемен арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық танытты.

Сапар аясында Елші жүрек ырғағының бұзылуын диагностикалау және емдеу саласында әлемдік көшбасшы саналатын Biosense webster сияқты бірқатар жергілікті жоғары технологиялық кәсіпорындарда болды. Компания бүкіл әлем бойынша аритмиямен ауыратын науқастарға көрсетілетін медициналық көмек сапасын жақсартатын инновациялық технологияларды дамытуда. Biosense Webster - Johnson & Johnson компаниялар тобының бөлігі болып табылады.

Сонымен қатар, С.Бұршақов елімізде өкілдігі бар Applied Spectral Imaging (ASI) компаниясының қызметімен танысты. Аталмыш компания кариотиптеу, H&E, IHC және FISH талдауға арналған өнімдердің толық портфолиосы бар биомедициналық кескіндеме саласындағы әлемдік көшбасшы. Компанияның озық технологиялары патологоанатомиялық, цитогенетикалық және зерттеу зертханаларын слайдтарды сканерлеуден бастап, жоғары ажыратымдылықтағы барлық слайдтың (WSI) бейнесін алудан, сандық талдаудан, есептер жасаудан және LIS-ке қосылудан бастап кешенді шешімдермен қамтамасыз етеді.

Кездесулер нәтижесінде одан әрі ынтымақтастықты кеңейту үшін келіссөздерді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Анықтама: Йокнеам-Илит Израильдің елдің солтүстігінде орналасқан. Тұрғындар саны шамамен 26 мың адам. ХХ ғасырдың 90-жылдардың басынан бастап қала халқы негізінен КСРО мен ТМД елдерінен иммигранттар ағыны есебінен, сондай-ақ Хайфадан және елдің орталығынан көптеген жас отбасылардың көшіп келуінен екі есеге көбейген.