Қазақстан мен Израиль университеттері арасындағы байланыс нығаюда

Қазақстан мен Израиль университеттері арасындағы байланыс нығаюда

Тель-Авив, 2021 жылдың 22 маусымы – Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Израильдің Холон технологиялар институты арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою рәсіміне қатысты. Меморандум жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы Қайрат Айтуғанов пен Холон технологиялар институтының президенті Эдуард Якубов өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдіріп, қол қойылған Меморандумды жүзеге асырудың нақты бағыттарын талқылады.

Э.Якубов Қазақстан дипломаттарын Холон институтының қызметімен таныстырып, мекеменің оқу корпустары мен зертханаларына экскурсия ұйымдастырды. Елші институт басшысымен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, оның ішінде қазақстандық студенттер мен мамандарды Израильде ақпараттық технологиялар саласында оқыту, бірлескен зерттеулер жүргізу және білім беру саласындағы жалпы жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады. Сондай-ақ, Ректор Қазақстанның басқа да білім беру және ғылыми-зерттеу мекемелерімен әріптестік байланыс орнатуға қызығушылық танытты.

Бүгінгі таңда 5000-нан астам студент оқитын Холон технологиялық институты 1969 жылы құрылған және ақпараттық технологияларды, инженерлік және технологиялық пәндерді оқытуға және дамытуға мамандандырылған, мысалы, технологияны басқару және дизайн, медицинаға арналған сандық технологиялар, оқыту жүйесінің технологиялары. Институт мамандары кәсіптік, экономикалық және мәдени аспектілерді ескере отырып, технологияларды дамытуға пәнаралық тәсілді пайдалана отырып, теориялық және қолданбалы зерттеулермен айналысады. Бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу құны жылына 10.000 шекелді құрайды(шамамен 3.000 АҚШ долл).