Қазақстан жасөспірімдерінің суреттері Израильде өткен халықаралық балалар фестивалінің дипломдарына ие болды

Қазақстан жасөспірімдерінің суреттері Израильде өткен халықаралық балалар фестивалінің дипломдарына ие болды

Тель-Авив, 2021 жылдың 21 маусымы – Қазақстанның Израильдегі Елшілігі «Балалар планетадағы бейбітшілік үшін» айдарымен өткен 10-шы фестивальдің іс-шараларына қатысты.

Фестивальде «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қорының мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім беру қажеттіліктері бар жас қазақстандықтардың шығармашылығы көрсетілді.

Іс-шара ұйымдастырушылары – «Әлем елдері достастығының халықаралық конгресі» – қазақстандық балалардың суреттерін жоғары бағалап, оларды дипломдармен марапаттады. Аталған марапаттарға Орал қаласы қорының тәрбиеленушілері 13-жасар Настя Асиновская, 14-жасар Әйгерім Хамзина, 14-жасар Антон Рудой және 16-жасар Қазбек Жұмабеков, сондай-ақ «Аялаған алақан» қорының басшысы Рада Хайрушева ие болды.

Биыл Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл толуына орай фестиваль «Жер планетасындағы бейбітшілік пен болашақты қорғау» айдарымен өткізілді. 10-фестиваль бағдарламасында «Спорт – бейбітшілік елшісі» ұранымен спорттық ұжымдардың көрсетілімдері, кәсіби және көркемөнерпаздар ұжымдарының өнер көрсетуі, сондай-ақ ұжымдардың шеруі және түрлі елдердегі террорлық шабуылдардан зардап шеккен балалар туралы деректі фильмдер негізінде театрландырылған көрініс ұсынылды.