Қазақстан мен Израиль киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Израиль киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Тель-Авивте ҚР Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов Қазақстан ҰҚК "Мемлекеттік техникалық қызмет" Республикалық мемлекеттік мекемесі мен Израильдің ұлттық кибер-директораты арасында киберқауіпсіздік саласындағы меморандумға қол қою рәсіміне қатысты.
Меморандум ақпарат, стратегия, озық тәжірибе алмасуды, оның ішінде семинарлар, конференциялар мен тренингтерге қатысуды көздейді. Израиль Премьер-министрі кеңсесі жанындағы кибер-директораттың Бас директоры Игал Унна киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, оның ішінде жаһандық пандемия жағдайында өзара іс-қимылдың өзектілігін атап өтті. Меморандумды іске асыру аясында Израиль сарапшылары Қазақстанға келуге дайындығын білдірді.
Рәсім барысында сөз сөйлеген С.Бұршақов меморандумды Қазақстан мен Израиль қарым-қатынастарына маңызды үлес қосады деп атады.
Елші меморандумды дайындауға және келісуге күш-жігер жұмсаған ҰҚК "Мемлекеттік техникалық қызметінің" директоры Асқар Жүнісбекке және осы мекеменің Департамент директоры Медет Ысқақовқа, сондай-ақ Қазақстандағы Израиль елшілігіне алғыс білдірді.