Иерусалимде Қазақстандағы конституциялық реформалар және екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Иерусалимде Қазақстандағы конституциялық реформалар және екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қазақстанның Израильдегі Елшісі Дәулет Ембердиев Иерусалим стратегия және қауіпсіздік институтының (ИИСБ) өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге институт басшысы, отставкадағы бригадалық генерал Йосеф Купервассер, аға ғылыми қызметкер, профессор Ефраим Инбар және ғылыми қызметкер Александр Гринберг қатысты.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың саяси және сауда-экономикалық салалардағы қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын қарастырды. Сонымен қатар Таяу Шығыстағы өңірлік жағдай, Газа секторындағы соғыстан кейінгі кезеңде халықаралық басқару тетіктерін қалыптастыру мәселелері, оның ішінде «Бейбітшілік кеңесін» құру жөніндегі бастамалар бойынша пікір алмасылды.

Д. Ембердиев израильдік сарапшыларды Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы, сондай-ақ еліміздің «Ибраһим келісімдеріне» қосылу және Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған халықаралық бастамаларға, оның ішінде «Бейбітшілік кеңесі» аясында қатысу мәселелері бойынша ұстанымы жөнінде хабардар етті.

ИИСБ басшысы Й. Купервассер қазақстандық талдау орталықтарымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді. Осыған байланысты қазақстандық тарап ИИСБ мен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасасу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Израиль тарапы бұл бастаманы қолдады.

Кездесу конструктивті және достық жағдайда өтті. Тараптар өңірлік проблематика бойынша сараптамалық диалогты жалғастыру және екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамыту туралы уағдаласты.