Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы

Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы

 

2025 жылғы 1 желтоқсанда Иерусалим қаласында Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі мен Израиль Мемлекетінің Туризм министрлігі Бас директоры мырза Михаил Ицхаков арасында туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланған жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Израиль арасында тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру, туристік алмасуларды дамыту және бірлескен турөнімдерді жасау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан тарапы әуе тасымалдаушыларына сұранысты бағалау және бағыттарды бірлесіп ілгерілету бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне арналған пресс-турлар мен танысу сапарларын ұйымдастыруды ұсынды.

Тараптар қажылық, сауықтыру және экотуризм салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту, цифрлық шешімдер және туристік ағындарды басқару бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастырды. Талқылау барысында Қазақстан мен Израиль арасындағы қажылық туризмнің жоғары әлеуетке ие екені атап өтілді: Қазақстан азаматтары дәстүрлі түрде Израильдің христиандық қасиетті орындарын, сондай-ақ Әл-Ақса кешенін қоса алғандағы исламдық киелі жерлерді зиярат етеді, ал израильдік қажылар Қазақстанның рухани мұрасына, соның ішінде Алматыдағы раввин Леви Ицхак Шнеерсонның жерленген жері орналасқан Хабад-Любавич Еврей орталығына қызығушылық танытады. Бұл діни-мәдени бағыттарды кеңейтуге және екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға негіз қалайды.

Қазақстан тарапы сондай-ақ өз туристік мүмкіндіктерін Израиль нарығында ілгерілетуге мүдделілік танытып, Израильдің Туризм министрлігін Алматыдағы «KITF» және «Astana Tourism Forum» сияқты елдің ірі салалық іс-шараларына қатысуға шақырды.

Тараптар конструктивті диалогты жалғастыруға және бірлескен маркетингтік бастамаларды іске асыруға мүдделілік бар екенін растады.