Тель-Авив, 2025 жылғы 12 маусым – Қазақстан Елшісі Дәулет Ембердиев Израильдің Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі министрі Ави Дихтермен кездесті.
Д. Ембердиев екіжақты ынтымақтастықтың оң серпінін атап өтіп, өсімдік және мал шаруашылығы, ветеринария, аграрлық ғылым, су ресурстарын ұтымды пайдалану технологиялары, сондай-ақ мамандар даярлау сияқты салаларды қамтитын бірқатар мәселелерді көтерді.
Кездесу барысында тамшылатып суару жүйесін енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи агротехнологияларды қолдану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру және Қазақстан ауыл шаруашылығына израильдік тәжірибені енгізу перспективалары талқыланды.
Ғылыми алмасу аясында тараптар қазақстандық министрліктер мен ғылыми мекемелердің қатысуымен онлайн-кездесулер өткізу мүмкіндігін қоса алғанда, «Волкани» аграрлық зерттеулер орталығымен ынтымақтастықты қарастырды.
Израиль тарапы қазақстандық бидай мен кебекті импорттауға қызығушылық танытып, нақты қадамдарды талқылау және бастамалар әлеуетін бағалау үшін қазақстандық делегацияны қабылдауға дайын екенін растады.
Тараптар аграрлық әріптестікті дамытуға белсенді ықпал етуге ортақ бейілділіктерін білдірді.