Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұруға рұқсат алу
Консулдық алым - 140 АҚШ доллары ( банк деректемелері)
Қызмет көрсету мерзімі - 3 ай.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ !!! Құжаттар тек жеке қабылданады және беріледі (құжаттар пошта арқылы қабылданбайды)!
Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұру үшін арналған құжаттарды ресімдеу үшін өздері немесе олардың заңды өкiлдерi (ата-аналары, қамқоршылары, қорғаншылары) шет елдегі мекемеге келесі құжаттарды ұсынады:
1) Өтiнiш-сауалнама;
2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi мен паспорты, он алты жасқа толмаған балалардың туу туралы куәлігі (тұлғаны сәйкестендіру үшін).
Құжаттарды қабылдаған кезде көрсетілетін қызметті беруші жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жасайды, содан кейін көрсетілетін қызметті алушыға түпнұсқаларын қайтарып береді.
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі немесе паспорты болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда көрсетілетін қызметті алушы еркін үлгіде жазбаша түсініктеме береді.
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының шет елдегі азаматының паспортын дайындауға арналған құжаттарды жазбаша түсініктемемен бір уақытта береді;
3) отбасы мүшелерінің алдында міндеттемелері болған жағдайда – алимент алушылар – егер кететін адамның заң бойынша асырауындағы отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрса, «Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 2-тарауында көзделген тәртіппен жасалған алименттерді төлеу туралы келісімді ұсынады. Келісімге қол жеткізілмеген кезде кететін адамдарға алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу немесе алиментті біржолғы төлеу не белгілі бір мүлікті алимент есебіне беру немесе алиментті өзге де тәсілмен төлеу не кететін адамның кету үшін заңда көзделген кедергілердің болмауы фактісін анықтау туралы соттың шешімі беріледі;
4) өндіріп алушымен жасалған әрі сот бекіткен бітімгершілік келісім; өндіріп алушымен арадағы дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім; өндіріп алудың немесе атқарушылық құжаттың өзге талабының орындалғанын растайтын құжаттар; егер Қазақстан Республикасының азаматы атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылса, тиісті органның атқарушылық құжатты беруге негіз болған шешімінің күші жойылғанын растайтын құжаттар;
5) әскери есептен шығарылғаны туралы анықтама.
Әскери есептен шығарылғаны туралы анықтама болмаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушы әскери билеттің (шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәлік) түпнұсқасын және Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұру үшін шығуына байланысты әскери есептен шығу және жеке әскери-есептік құжатты тапсыру туралы анықтама беруге осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш ұсынады.
Көрсетілетін қызметті алушының әскери билетін (шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәлігі) қорғаныс істері жөніндегі басқарма (бөлім) алып қойған болса, әскери билеттің (шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәлігінің) қабылданғаны туралы қорғаныс істері жөніндегі басқармасы (бөлімі) берген қолхат ұсынылады;
5) ата-анасымен не өзге де заңды өкiлдерімен бірге кету туралы шешiм қабылданған кезде он жасқа толған баланың пiкiрiн есепке алу туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысы;
6) он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының бiрiмен (қамқоршысымен, қорғаншысымен) бiрге тұрақты тұруға кететін кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын ата-анасының екiншiсінің нотариалды түрде расталған келiсiмi. Келiсiм болмаған кезде, кәмелетке толмаған баланың кетуі сот тәртiбiмен шешiлуі мүмкін;