Тегеран, 2025 жылғы 5 сәуір – Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасы Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрі
Сейд Реза Салехи Амиримен кездесті.
Кездесуде тараптар екі елдің мәдени мұра, туризм және қолөнер салаларындағы байланысын нығайту, соның ішінде туристер ағымын ұлғайту, мәдени мұралар мен қолөнер шеберлерінің өзара көрмелерін ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, әңгімелесу барысында ЮНЕСКО шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастықты дамыту, екі елдің мәдени мұраларды сақтау мен қорғау бағытындағы бастамаларына өзара қолдау көрсету және т.б. өзекті тақырыптар сөз болды.
Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі иран тарапын еліміздің туризм саласындағы мол әлеуеті және осы бағыттағы атқарылып жатқан кешенді шаралармен таныстырды.
Сеид Реза Салехи Амири Қазақстанның экономкалық жетістіктері мен туристік әлеуетін жоғары бағалап, екі елдің арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, ирандық министр туризм саласындағы байланысты жандандыру үшін туризм саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдың маңыздылығын атап өтті.
Ол өзі жетекшілік ететін Министрліктің 2025 жылдың бірінші жартысында Астана қаласында өткізу жоспарланған ҚР мен ИИР арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияның кезекті 20-шы отырысына белсене қатысатынын және осы іс-шара екі елдің туризм саласындағы байланысының дамуына тың серпін беретінін атап өтті.