Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа жаңа жолдауы - елді жаңаша өркендету бағдарламасы

Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа жаңа жолдауы - елді жаңаша өркендету бағдарламасы

              2021 жылғы 1 қыркүйекте ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына ««Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы жарияланды. Қ.Тоқаев мырза пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі өркендетуге, денсаулық сақтау жүйесін дамытуғауға, сапалы білім қалыптастыруға, өңірлік саясатты ілгерілетуге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен халық бірлігін арттыруға бағытталған бастамалар көтергенін естіп қуандық.

               Президенттің халыққа жыл сайынғы Жолдауы таяу және орта мерзімді перспективада мемлекеттік саясатты қалыптастырудың тиімді тетігі болып табылады. Биылғы жылы Жолдау коронавирус пандемиясы тудырған экономикалық және әлеуметтік дағдарыстың қысымын бастан өткеріп отырған қоғамның барлық түйткілдерін еңсеруге арналды деп айтуға болады.

              Президент түрлі салалардағы мәселелерді шешуге бағытталған жүйелі реформалардың егжей-тегжейлі бағдарламасын ұсынды.

              Ол қазақ елінің емлекет басшысы ең басты жетістік біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құру болғанын ерекше атап өтті. Қазақстан қоғамындағы өмірдің барлық салаларын одан әрі реформалау құжатын ұсына отырып, нақты міндеттер қойды. Олардың шешілуі одан әрі экономикалық өсуге, ел азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Мемлекеттік басқару, экономикалық және аумақтық даму, әлеуметтік әл-ауқат, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік, сондай-ақ құқық қорғау жүйесін жаңғырту мәселелері түбегейлі маңызды.

              Президент Қ.Тоқаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсатына қол жеткізу үшін бес негізгі бастаманы атап көрсетті.

               Қ.Тоқаевтың: «Атазаң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отанымызбен  байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс», - деген сөзі Ирандағы қазақтардың да үмітін оятты.

               Сондай-ақ, оның: «Ауғанстандағы ахуал және жаһандық шиеленістің күшеюі бізге қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейді.  Қорғаныс қабілетімізді нығайтып, қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басымдыққа айналуға тиіс» деуі дербес мемлекеттің болашақ дамуын жан-жақты саралаған көреген басшы екенін аңдатты.

               Қ.Тоқаевтың: «Дүние жүзі өнеркәсіп пен экономиканы экологиялық тазартуға бет бұрды.  Қазір бұл – әншейін сөз емес, салық, баж және техникалық реттеу шаралары сияқты нақты шешімдер. Біз одан тыс қала алмаймыз. Мұндай шешімдер экспорт, инвестиция және технология трансферті арқылы елімізге тікелей әсер етеді. Шын мәнінде, бұл – Қазақстанның орнықты дамуы мәселесі. Сондықтан мен 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндетін жүктеп отырмын», - деген, сондай-ақ бебіт атом қуатын дамыту шешіміне қатысты нақты мәлімдемесінің мәні зор.     

               Кейінгі кезде Иран басшылығы да мұнай табысынан тәуелсіз экономика құруға басты назар аударып келе жатқаны мәлім. Өйткені, заман талабы көрсетіп отырғандай, көмірсутегі шикізатынан табыс көріп келген елдердің экономикалары бұдан былай мұнай сатудан түсетін үлкен кірістерге сене алмайтыны анық, бұл пандемиядан кейінгі кезеңде ерекше маңызды болмақ.

               Қазақ елінің экономикасын осы аталған қағидаттар негізінде дамытудың келешегі зор болмағы сөзсіз.

               Мемлекет басшысының қазақстандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу, жас, білімді әрі ынталы мамандар әзірлеу, цифрландыру жөніндегі ұлттық  жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажеттігі, цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиістігі жөніндегі міндеттері аса ауқымды екеніне назар аудартады.

            Президент білім саласына да ерекше тоқталып, мұғалімдердің жалақысы өсетінін, сондай-ақ толыққанды білім үдерісі үшін қажетті барлық функциясы бар бір онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет екенін айтты.

              Келесі жылы коронавирус пандемиясына байланысты биыл болып жатқан оқиғалар салдары қайталануы ықтимал. Сондықтан Президент Қ.Тоқаев айтқан терең және жан-жақты реформалар ғана қазіргі проблемаларды еңсеруге көмектеседі.

              Тұтастай алғанда, жаңаша реформалардың бастауы болып отырған Қазақстан Президентінің бұл жолдауында көтерілген бастамалар елдің одан әрі дамуына жаңа серпін береді деп санаймын.

 

 

Ережепмұхаммед Адай,

 ирандық сарапшы, дінтанушы, тарихшы