Биыл қазақтың ұлы ақындарының бірі Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр.
Жамбыл Жабаев - қазақтың ұлы ақыны, Сталин сыйлығының лауреаты (1941). Қазақ халық поэзиясының көрнекті өкілі, көркем сөздің шебері, дастаншы, жырау.
Ол Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген, Алматы облысының Ұзынағаш ауылында қайтыс болған. Жамбылдың айналасындағылар әндерді, күйлерді, импровизация мен жыраулық өнерді жоғары бағалады. Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов былай деп бекер айтпаған: «ХІХ ғасырдан бастап қазақ халқында ерекше дамуға ие болған импровизация өнері Қазақстанның барлық жерлерінде көлеңкеде қала бастады, бірақ Жетісуда, оңтүстік өңірлерде өркендей бастады. Біріншіден, оңтүстік аймақтардан бұрын басқа аймақтарды қамтыған отарлау саясаты өнер дәстүрлерінде өзіндік із қалдырды; Жетісу маңы осы жағымсыз әсерден алшақ тұрды. Екіншіден, импровизация өнерінің осы өңірлерде ежелден қалыптасқан дәстүрлері ХІХ ғасырдан кейін ерекше дамуға ие болды».
Осы кезеңде Арқадан ұлы Абайдың Жетісуға келгендігі, Біржан, Шашубай, Балуан Шолақ, Таластан Жалайыр Түбек, Оңтүстік Қазақстаннан - Майкөт пен Майлықожа, Атырау жақтан Құрманғазы сияқты импровизация шеберлерінің туындылары ел ішіне таралды. Бұл жағдай осы кезде Жамбыл үшін ежелгі ұлы өнер мектебінің үлгілерімен терең танысуға зор мүмкіндік берді.
Осындай өнер бесігінде өскен Жамбылдың таланты бала кезінен-ақ байқала бастады. Жас кезінен бастап ол өзі өскен аймақтарды ән мен өлеңге бөледі; ол туралы даңқ көрші қырғыз жұртына жетті. Осы жылдары барлығының аузында жүрген жас Жамбыл Жетісудың ең әйгілі ақыны Сүйінбай ақынмен кездесті; Жамбыл бұл ақынның шабытпен шырқалған жырларын үлкен ықыласпен тыңдап, оның батасын алды. Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құлманбет сияқты өз заманының ірі ақындарымен кездесулер Жамбылдың ақын ретінде беделінің артуына ықпал етті. Кейіннен қырғыз ақындары Балық, Тыныбек, Қалыгүл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбектермен бірнеше рет бәсекеге түсіп, өз шеберлігін шыңдап, олардың жаөұттай жарқыраған поэзиясынан сабақ алады. Енді ол суырып салма өнерімен қатар, бірнеше апта немесе бірнеше ай ішінде Көрұлы, Шаһмардан сияқты дастандар мен жырларды орындап, сол арқылы өзінің сан қырлы талантын тереңдетіп, дамытты.
Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезеңі халыққа бір жағынан патшалық отаршылдардың, екінші жағынан Қоқан хандығының қысым жасауымен сипатталды. Ақындық шынайылықпен және азаматтық жауапкершілікпен Жамбыл «Шағым», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Әстепкіде», «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты жырларында халықтың қоғамдық-саяси өмірін бейнелейді.
Жамбыл Қазан төңкерісінен кейін халықтың өміріндегі тарихи өзгерістер юолатынына үлкен үміт артты. Оның 1936 жылы шығарған, содан кейін орыс тілінде «Правда» газетінде жарияланған «Туған еліме» сияқты поэтикалық толғаулары бүкіл Кеңес Одағында қарт ақынның даңқын паш етті.
Ел арасында Жамбылдың биік даңқы пен танымалдылығы арта түсті.
Оның 1936-1945 жылдар аралығында жарияланған өлеңдері көлем жағынан 13 мың тармақтан асады. Ол ерекше ынта-жігермен ел өміріндегі жетістіктер мен жаңалықтарды, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі халықтың жеңісі мен ерлігін мақтайды. Жасының ұлғайғандығы оған «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық шығармаларды қайта тірілтуге кедергі бола алмады.
Жамбыл әрі эпикалық ақын, әрі ақын-импровизатор, дана жыршы және дастаншы. Ол өнер шебері ретінде азаматтық және саяси поэзияның дамуына үлес қосты. Жамбылдың ұлылығы оның ақындық шеберлігінде ғана емес, сонымен бірге оның халық поэзиясындағы жаңа ағымның жаратушысы, халық ақындарының шығармашылық рухын парасатпен жандандырушы болғанында. Оның сөзі ұранға айналды, оны халық поэзиясының атасы деп атады. Жамбыл жыршы-дастаншылардың терең эпикалық дәстүрлерін жаңа арнаға айналдырып, ежелгі қазақ суырып салма өнерінің жаңа қырларын ашты, оларға жаңа мазмұн берді. Жамбыл - адамдарды нәсілге, ұлтқа бөлмеген интернационалист ақын. «Жамбылдың өлеңдері теңіз түбіне жатқан інжу-маржандай. Оларды жинап, халыққа тапсыру әрқайсымыздың азаматтық парызымыз, - деді ақын С.Сейфуллин.
Жамбыл - поэзияның сарқылмас қайнар көзі, өшпес даналық көзі, мәңгілік құндылық. Оның туындылары әрдайым халықпен бірге жасайды. Жамбылдың шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды, көптеген елдерге таралды.
Жамбыл көзі тірісінде өзін де, өз халқын да асқақтатып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Жамбыл мұралары қазақ өнерінің барлық түрлері мен жанрларында көрініс тапты, ол халықтың ұлттық рухын жоғары көтерген ұлы тұлға ретінде танымал болды.