Қазақстан көрнекті күйші-композитор Дина Нұрпейісованың 160 жылдығын атап өтуде

Қазақстан көрнекті күйші-композитор  Дина Нұрпейісованың 160 жылдығын атап өтуде

ӘСЕЛ САТЫБАЛДИНА

       НҰР-СҰЛТАН - «Өткенін білмеген ұлттың болашағы болмайды» деген аталы сөз бар. Бұл ұлт тарихында мәңгілік мұра қалдырған ұлы тұлғаларға құрмет көрсетудің маңыздылығы туралы мәнді ескерту. Сондай тұлғалардың бірі - қазақтың танымал күйші-композиторы Дина Нұрпейісова. Биыл оның 160 жылдығы Қазақстанда атап өтілуде.

      Д.Нұрпейісова 1861 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Нарынқұм шағын ауылында дүниеге келген.

      Дүниеге көз ашқалы бері әкесі Кенже тартқан домбыраның үнін естіп өскен кішкентай қыз үшін осы бір ғажайып саз аспабына деген сүйіспеншіліктің оянуы кездейсоқтық емес еді. Динаның анасы Жәниханың да музыкалық дарыны болды.

     Дина түрлі әндерді сүйемелдеу үшін домбыра тарта бастайды. Тоғыз жасында ол Дәулеткерей, Құрманғазы, Мұхит, Мүсірәлі, Ұзақ, Әлікей, Түркеш, Есжан, Байжұма, Баламайсан және басқа да белгілі қазақ күйшілерінің кейбір қиын күйлерін құлағына сіңіріп тартты.

     Динаның таланты туралы сол ауылдағылар және одан тысқары жерлердегілердің барлығы естіді. Солардың ішінде қазақтың танымал күйші-композиторы Құрманғазы да Динаның күй шерткенін көру үшін оның ауылына барды. Құрманғазы Дина 1880 жылы 19 жасында тұрмыс құрғанға дейін оның ұстаз-ақылшысы болған.

      Құрманғазы әрі тәлімгер, әрі жанашыр жан болды.

     Кейін Дина өзі есіне алғанындай, Құрманғазы оған: «Сен дарынды баласың, Жаратқнның саған көзі түскен. Сен керемет күйші боласың және күй тыңдайтын адамдарға қуаныш сыйлайсың. Өзімнің ақ батамды бердім саған», - деп ақ тілеуін жаудырады.

     Құрманғазы Динаны түрлі күй сайыстарына ертіп апарып, домбыра тартудың түрлі тәсілдері мен шеберліктерін үйреткен.

   Дина және оның отбасы 1930 жылдардағы қиын кезеңдерді, яғни қазақтар тарихындағы кеңестік күшпен ұжымдастыру саясатының нәтижесінде миллиондаған қазақтар аштықтан қаза тапқан қайғылы кезеңді көрді. Оның отбасы сол кездегі Астрахан облысындағы Козлово ауылына қоныс аударуға мәжбүр болды.

        1937 жылы домбырашы Смағұл Көшекбаев Динаға әйгілі академик Ахмет Жұбановтың нұсқауымен оның Алматыға көшіп келуін өтініп, қолқа салды. Республика астанасында оның күйлері көбірек тыңдалып, аты кең тарайтынын түсіндірді. Сол жылы күйші Дина Алматыға көшіп келіп, қазақ филармониясында өнер көрсетті және қазақ зиялыларының танымал өкілдері Ахмет Жұбановпен және Жамбыл Жабаевпен кездесті.

       Дина Нұрпейісова өз өнерінде түрлі стильдермен тәжірибе жасап, Құрманғазы мектебінің жігерлі және серпінді өнер туындыларын Дәулеткерей мен оның ізбасарларының жұмсақ лирикалық шығармаларымен ұштастыра білді.

     Динаның әйгілі күйлері мыналар: «Ана бұйрығы», «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп», «Жеңіс» және т.б. күйлер. Оның шығармашылығына сол кезде өрбіген ірі саяси және әлеуметтік үдерістер, соның ішінде 1916 жылғы Амангелді Иманов бастаған қазақ азаттық қозғалысы, Екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейінгі кезең әсер етті.

     1944 жылы ол Қазақ Кеңес Республикасының Халық әртісі атағын алды.

     Динаның соңғы концерті 1952 жылы 91 жасында болған. Әйгілі күйші үш жылдан кейін қайтыс болды.

     Күйші Динаның кейінгі ұрпаққа қалдырған маңызды мұрасының белгісі ретінде Қазақстандағы көптеген көшелерге, саябақтарға және мектептерге оның есімі берілген.

 Дереккөз: The Astana Times (https://astanatimes.com/2021/04/kazakhstan-marks-160th-anniversary-of-prominent-composer-dina-nurpeisova/)