Елші қазақ диаспорасымен кездесті

Елші қазақ диаспорасымен кездесті
    Алғыс айту күні Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы елшісі А.Оразбай Иранның Гүлістан провинциясының орталығы Горган қаласында жергілікті қазақ диаспорасы белсенділерімен кездесті. 
   Елші қандастар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында саяси, экономикалық, әлеуметтік және ғылым-білім салаларында айтулы зор жетістіктерге қол жеткізгеніне тоқталып, Қазақстан халқы мен басшылығына, Қазақстан мен Иран ынтымақтастығын дамытуға еңбек сіңіріп жүрген тұлғаларға алғыс білдірді.
     Кездесу барысында елші Фараби мен Абай мерейтойларына орай Иранда ұйымдастырылған іс-шараларға қатысып, өз үлестерін қосқаны үшін берілген Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың алғысхаттарын иелеріне табыстады.
    Сонымен бірге, Елші Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында ұйымдастырылған көптеген іс-шараларға белсенді түрде атсалысқаны үшін көптеген жергілікті белсенділерге Елшіліктің ресми алғысхаттарын тапсырды. 
  Диаспора белсенділері сөз алып, қызыл империяның отарлық заманында тағдыр тәлкегімен сыртқа босып, бас сауғалаған қазақтардың жүректері атамекен деп соғатынын атап өтті. Сырттағы қандастарға қамқор болып жүрген қазақ елі мен басшылығына шексіз алғыстарын жеткізді. 
    Кездесу соңында елші диаспора белсенділерінің Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында қол жеткен жетістіктерді, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен мәдени мұраларын Иран елінде кеңінен насихаттап таныстырудағы ыждаһатты еңбектеріне табыстар тіледі.