Қазақстан мен Иран Шахид-Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу туралы BOT-келісіміне қол қойды

Қазақстан мен Иран Шахид-Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу туралы BOT-келісіміне қол қойды

Тегеран, 2026 жылғы 28 маусым – Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында 2026 жылғы 28 маусымда Иран Ислам Республикасы Порттар және теңіз қатынасы ұйымында Бендер-Аббас қаласындағы Шахид-Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу үшін жер учаскесін беру туралы BOT-келісіміне (Build-Operate-Transfer – салу, пайдалану және кейіннен беру) салтанатты түрде қол қою рәсімі өтті.

Қазақстан тарапынан құжатқа Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ жанындағы QazExportPromotion корпоративтік қорының бас директоры Аман Малғаждаров қол қойды. Иран тарапынан келісімге Хормозган провинциясының Порттар және теңіз қатынасы ұйымының басшысы, «Шахид-Раджаи порты» арнайы экономикалық аймағының жетекшісі Хоссейн Аббас Нежад қол қойды.

Қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаев, Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Жолдар және қала құрылысы министрлігінің өкілдері, сондай-ақ іскер топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Келісім 27 жыл мерзімге жасалды. Оның ішінде алғашқы екі жыл терминалды салуға, кейінгі 25 жыл нысанды пайдалануға арналған. Терминалды коммерциялық пайдалануға беру жобаны іске асырудың үшінші жылына жоспарланған.

Жобаны іске асыру Қазақстан мен Иран арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңіне айналады. Иранның ең ірі теңіз портында қазақстандық терминалдың салынуы «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін нығайтуға, логистикалық бағыттардың тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ қазақстандық өнімнің Парсы шығанағы елдері, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, сондай-ақ Шығыс Африка нарықтарына тиімді шығуын қамтамасыз ету арқылы экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсім барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаев аталған жобаның Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, халықаралық көлік бағыттарын әртараптандыруға және Қазақстанның Еуразиядағы жетекші логистикалық хабтардың бірі ретіндегі ұстанымын нығайтуға бағытталған саясатының нақты көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, терминалдың салынуы Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі кеңеюіне елеулі үлес қосады.

Өз кезегінде Иран Ислам Республикасы Порттар және теңіз қатынасы ұйымының басшысы Мохаммад Шакибинсаб қазақстандық тарапты келісімге қол қойылуымен құттықтап, жобаның екі мемлекет үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Ол Шахид-Раджаи портында қазақстандық терминалдың салынуы көлік-логистикалық өзара іс-қимылды дамытуға қосымша серпін беріп, Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Сапар бағдарламасы аясында қазақстандық делегация Шахид-Раджаи портына барып, порттың және логистикалық инфрақұрылымның нысандарымен, сондай-ақ қазақстандық көлік-логистикалық терминалды салу жобасын іске асыруға дайындық барысымен танысады.