
Тегеран, 2026 жылғы 25 ақпан – Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары – ИИР СІМ Саяси және халықаралық зерттеу орталығының басшысы Саеид Хатибзадемен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Иран Президенті Масуд Пезешкианның 2025 жылғы 10-11 желтоқсанда Астана қаласына жасаған ресми сапары аясында мемлекеттер басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылады. Атап айтқанда, тарихи құжаттар мен қолжазбалар көрмесін ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қазақстандық дипломат сұхбаттасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 15 наурызға жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде республикалық референдум белгілеу туралы шешімі жөнінде хабардар етті. Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері таныстырылып, конституциялық реформаның елдің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.
Өз кезегінде Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары – ИИР СІМ Саяси және халықаралық зерттеу орталығының басшысы Саеид Хатибзаде Қазақстанда Президент Қ.К.Тоқаевтың басшылығымен табысты жүзеге асырылып жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени реформаларды елдің орнықты әрі серпінді дамуын қамтамасыз ететін маңызды үдеріс ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті.
Сонымен қатар, ол Қазақстан қоғамында жүргізіліп жатқан ауқымды әрі мазмұнды өзгерістердің екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және Қазақстан–Иран серіктестігін жаңа деңгейге көтеруге тың серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.