Тегеран, 2025 жылғы 21 мамыр – Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрі Сейд Аббас Салехи Шариатимен кездесті.
Кездесуде тараптар екі елдің мәдени байланысының қазіргі ахуалы, өзара мәдени ынтымақтастықты нығайту, бірлескен мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, мәдениет саласында көпжақты байланысты одан әрі жандандыру, мәдениет пен кино салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Елші Қазақстан мен Иранның бірнеше мыңжылдық ортақ тарихы мен мәдениетіне назар аударып, екі ел қарым-қатынасында мәдени ынтымақтастық ерекше маңызды рөл ойнайтынын мәлімдеді.
Қазақстан Елшісі екі елдің мәдениет саласындағы мол әлеуетін ұтымды қолданудың маңызына сілтеме жасап, ү.ж. 9-11 сәуір аралығындағы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдерінің Тегеранға сапары нәтижелі болғанын жеткізді және осы сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың өзектілігін атап өтті.
Сонымен қатар, О.Оңалбаев Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2025-2028 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасына қол қою екі елдің мәдени байланысын жандандыруға елеулі үлес қосатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, 2025 жылғы маусым айында Астана қаласында өтетін Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияның кезекті 20-шы отырысы жұмысына ИИР Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі белсене қатысады деп сенім білдірді.
Өз кезегінде, ИИР Мәдениет және исламдық бағдар министрі С.А. Салехи Шариати достас әрі көрші Қазақстанмен өзара мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызығушылық білдіріп, мәдениет саласындағы өзара қарым-қатынастарды жаңа сатыға көтерудің маңыздылығын атап өтті.
Ол екі елдің мәдени байланысы деңгейіне оң баға беріп, тараптар арасында 2025-2028 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасына қол қою мәдениет саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға серпін береді деп күтілетінін жеткізді.
Ирандық министр екі елдің мәдени қарым-қатынасы екіжақты байланыспен шектелмейтінін айтып, соңғы жылдары мәдениет саласында көпжақты ынтымақтастықтың қанат жайып отырғанына ризашылық білдірді және көпжақты ынтымақтастықтың бір үлгісі ретінде екі елдің ЮНЕСКО аясындағы тығыз әріптестігіне назар аударды.