Меню

Страницы

Статья

Аль-Фараби и его трактаты по различным областям науки

 

Ғ.Ә. Қамбарбекова, PhD доктор

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

      Биыл 2020-жылы атаулы даталарға бай жыл. Сондай бір атаулы даталардың бірі – Әбу Наср Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы. Бұл кезге дейін Әл-Фарабидің мерейтойы Кеңес Одағы кезінде 1975-жылы кең түрде аталып өткен. Сол жылдары Қазақ Ғылым Академиясы Философия және заң институты Әбу Наср Әл-Фарабидің бірнеше трактаттарын тікелей араб тілінен қазақ және орыс тілдеріне аударып, оқырмандар назарына ұсынған.[1] Одан кейінгі жылдары философия институты тынбай Фарабитану саласына көңіл бөліп, ғұламаның тағы да бірқатар ірі еңбектерін жарыққа шығарды. [2] Бұл еңбектердің әрқайсысы үлкен ғылыми топтың ұзақ жылдық еңбектерінің нәтижесі. Сонымен қатар, бұл еңбектер Әл-Фарабидың 1100 жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шыққаннан бері ұзақ уақыт өткенін және сол кезде жарық көрген еңбектер ендігіде қолға түспейтін сирек кітаптарға айналғанын айта кеткен жөн. Әрине, соңғы жылдары әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар іргелі жұмыстар атқарылып Фараби еңбектері көптеп насихатталып келеді. Дегенмен қаншама дәріптелсе де аздық етпейтінін ескере келе, ғұламаның көптеген еңбектері кейбір шалғай мекендерге әлі күнге дейін жете қоймағанын, жергілікті кітапханаларда бұл еңбектердің табыла бермейтінін де айта кеткен жөн. Сондықтан болар биылғы жылы арнайы аталып өткелі жатқан энциклопедист ғалымның 1150 жылдық мерейтойы шеңберінде біз Әбу Наср Әл-Фараби туралы не білеміз деп өзімізден сұрасақ, көп дүниені білмейтінімізге көз жеткіземіз. Әл-Фарабидың қазақ және орыс тілдеріне аударылған еңбектерінің қалың оқырмандарға, әсіресе ауылдық жерлердегі оқырмандарға әлі жете қоймағандығы жеке тақырып, дегенмен қысқаша болса да осы туралы айтуды жөн санадық. Оған себеп болған жай мынада. Әдетте танитындардың бәрі де, оның ішінде қарапайым оқырмандар мен оқушылар да бар осы Әл-Фараби бабамыз ғылымның барлық саласына еңбек арнапты, ал химия, биология және медицина салаларына да еңбек арнаған ба деген қисынды сұрақ қойып жатады. Орынды сұрақ, дегенмен бұл сұраққа жауап беру оңай шаруа емес. Дегенмен осы мақалада еліміздің болашағы болып табылатын шәркірттердің сұрағына мүмкін болғанша жауап беруге тырысатын боламыз.

    Негізгі тақырыпқа ойыспас бұрын, Әбу Наср Әл-Фарабидың туған жері мен қысқаша өмірбаянына тоқтала кеткеніміз жөн. Ғұламаның өмірбаяны туралы мәлімет өте аз. Дегенмен энциклопедиялар мен зерттеушілердің деректеріне сүйене отырып төмендегі деректерді ұсынуға болады.

       Екінші ұстаз атанған, ислам философиясының негізін қалаған бірегей ғалым жерлесіміз Әл-Фарабидің толық аты-жөні – Әбу Наср Мұхаммад Ибн Тархан Ибн Узлағ Фараби 870 жылы Отырарда дүниеге келіп, 950-951 жылдары Сирияның Дамаск қаласында дүние салған. Отбасында қанша адам болғаны және қалай өмір сүргендігі туралы ешбір мәлімет кездеспейді. Бірақ ғалымдардың пайымдауынша Әбу Наср Мұхаммад ауқатты отбасынан шыққан, әкесінің әскері лауазымы болған. Яғни, «тархан» сөзі әскери лауазымды білдіреді. Ал қай жастан бастап, қандай медреседе оқығандығы туралы мәліметке келсек, ғалымдар бірауыздан жастайынан зерек бала алғашқы сауатын жергілікті медреселердің бірінде ашқан, содан соң Бағдад қаласына аттанған деген деректі келтіреді.[3] Осы тұста бір топ ирандық ғалымдар Бағдад қаласына барғанға дейін жас Фараби алдымен Самарқанд, Бұхара, сосын Иранның Рей және Хамадан қалаларындағы білім ошақтарында болып, білімін жетілдірген деп санайды.[4] Сонымен қатар, Иран философиясының негізін қалаушы ретінде есептейтін ирандық ғалымдардың ойы бір жерден шығады. Яғни, жас Фарабидің әкесі ирандық болған және сол кездегі Саманилер әулетінің әскербасы қызметін атқарған деп жазады. Әрине Фарабидің ұлты туралы тартыс көп, бірақ біз бұл тартыс туралы айтуды жөн санамаймыз. Нақтырақ айтқанда Иран елінде ғалымның өте жоғары бағаланатыны, Иран философиясының негізін қалаушы ғалым ретінде танылғандығын атап көрсету. Тиісінше, Иранда Әбу Наср Әл-Фарабидің құрметіне «Фараби сыйлығы» (Farabi Awards) конкурсы, ғылыми зерттеу орталығы, институты, баспасы, фильм студиясы, балаларға арналған орталықтары бар. Араб елдерінде де Әбу Наср Әл-Фарабидің аты кең таралған. Себебі бүкіл саналы ғұмырын арабтардың арасында өткізген және бізге жеткен еңбектерінің бәрін араб тілінде жазып қалдырған ғалымның араб ғалымы болып саналуы қалыпты жағдай болса керек. Сонымен қатар, Әл-Фараби трактаттарын зерттеуде, насихаттауда және халыққа жеткізуде араб, парсы және түркі ғалымдары жан-жақты атсалысқан және әлі де атсалысып келеді. Фарабитану саласы бойынша батыс ғалымдары да әдеттегідей белсенділік танытып ғалымның еңбектерін француз, неміс, ағылшын, иврит және орыс тілдеріне аударып, жан-жақты зерттеулерін жүргізген.

    Ғалымның еңбектері туралы айтқанда Әбу Наср Әл-Фарабидің қанша еңбегі бар деген сұраққа да нақты жауап беру қиын. Фараби бабамыздың жазған еңбектерінің саны біріншіден көп болғандықтан, екіншіден іздеушілері мен Фараби мұрасының қадірін түсінген зерттеушілердің біраз кешігіңгіреп барып табылғандықтан нақты санын атап көрсету оңай емес. Сондықтан болар ғалымдар Фараби еңбектерінің саны шамамен 170-200 деп айтылады. Бірақ ғалымдардың тың және түпнұсқа жазба дерекккөздерге сүйене отырып нақты анықтағаны 160 трактат.[5] Бірақ осы 160 трактаттың аты әртүрлі ортағасырлық ғалымдардың, жинақтардың ішінде кездескенімен бізге белгілісі және жеткені 70 шақты трактаты. Қалғандары не жоғалған, не болмаса әлі де табылуы мүмкін трактаттар болып табылады.

       Әбу Наср Фараби негізгі білімін Бағдад қаласында алған. Әрине, Бағдад қаласына жеткенге дейін Орталық Азия мен Орта Шығыстың түрлі қалаларында білім алған, бірақ ғалым ретінде сол кездегі халифатттықтың астанасы Бағдад қаласында танылған. Бағдад қаласында әлемдегі ең алғашқы жан-жақты жоғары білім беретін орын «Бәйт әл-Хикма» ашылғаны белгілі. Бұл сөз «Хикмет үйі» деп аударылады. «Хикмет үйі» бүгінгі Академия дәрежесінде жұмыс істеген және онда көптеген шығыс ойшылдары білім алған. Соның бірі – Әбу Наср Әл-Фараби. Фараби бірнеше ғылым саласын қамтығандықтан ислам әлемінің энциклопедист ғалымы деген атаққа ие болған.

     Әбу Наср Әл-Фараби ғылымның қай саласы болмасын жатырқамаған, бір-бірлеп бәрін оқуға кіріскен. Алайда ғылымның атасы ретінде көне замандардан бастап, әсіресе ортағасырларда философия ғылымы танылған. Сондықтан Әбу Наср Әл-Фараби бірінші кезекте ғылымдағы жолын осы философия саласынан бастаған. Философия пәніне ешбір жаттығы жоқ логика, этика, эстетика, социология, музыка, астрономия, физика, математика, геометрия, механика, оптика, вакуум, химия, медицина, ботаника, биология, тіл білімі, әдебиет, поэзия және т.б. ғылым салаларын жан-жақты игерген. Философия ғылымына ерекше үлес қосқандығын ескере келе бірінші кезекте Әбу Наср Әл-Фараби философия саласына қандай еңбегі сіңгендігіне тоқтала кетейік. Бүкіл мұсылмандық шығыста барлық ғалымдар бірауыздан Әбу Наср Әл-Фарабидің ислам философиясының негізін қалаушы ретінде таниды.[6] Осындай атаққа ие болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, Әл-Фараби антикалық философияны мұсылмандық шығыс елдеріне таныстырған, жақындатқан ғалым ретінде ерекше. Аристотельдің жаратылыстану ғылымы туралы еңбегіне жалпыға ұғыныңқы тілде түсініктер жазғандығы баршаға белгілі. Сондықтан да «Муъаллим ас-сани», яғни екінші ұстаз атанған. Ал, бірінші ұстаз – Аристотель. Батыс ғалымдарының философиялық ойлары мұсылман әлеміне бұрындары жат болып келсе, ендігіде батыс ойшылдары Әл-Фарабидің жазған түсініктерінің арқасында жақындай түскен. Екіншіден, Әл-Фарабидің өзі осы философия, қоғам, мемлекетті басқару, қаладағы саясат пен мәдениет тақырыбына өте көп көңіл бөлген және осы тақырыптарған арнайы жеке-жеке еңбектер арнаған. Олар: Қайырымды қала тұрғындары, Қаладағы саясат, Философиялық трактаттар, Әріптер кітабы, Метафизиканың мақсаты, Ақыл мен Ғылым туралы трактат, Тарихи-философиялық трактат, Фусус әл-хикам, Логика және т.б. еңбектері. Фарабидің философиялық ойларын оқи отырып, ғұламаның адамшылыққа, достыққа, ұйымдаса отырып жұмыс істеуге, сыйлауға, білім іздеуге шақыратынына қанығамыз. Адамдардың нағыз бақытқа кенелуі – ғылым мен білімді үздіксіз іздеуі, алған білімі арқылы өзін-өзі дамытуына тікелей байланысты деп ерекше атап көрсеткен. [7] Сонымен қатар, адам баласының мінез-құлқына ерекше назар аударған. Әл-Фарабидың ойынша адамның мінезіне қатысты жақсылық пен жамандық пайда болған. Яғни, адам білімді бола тұра, сауатты адам болса да мінезі нашар болса, ол жүрген жерде жамандық тарайды, ал жамандық қоғамды ірітіп-шірітеді. Сондықтан білім, ғылым іздеу маңызды бірақ жақсы мінезді болу одан да маңызды. Яғни, білім мен ғылым адам баласының мінезін жақсы жаққа қарай өзгертуге қызмет етеуі керек екендігін бірнеше еңбектерінде атап көрсеткен.[8] Әл-Фараби ислам философиясының негізін қалаушы ретінде  көптеген өзге ғалымдарға үлгі болған ғұлама. Әл-Фарабиден кейін өмір сүрген көптеген мұсылман ғалымдары бірінші кезекте Әбу Наср Әл-Фарабидің еңбектерін оқып барып, ғылымдағы өз жолдарын тапқан. Солардың бірі – Ибн Сина (980-1037). Ибн Сина өзінің еңбегінде Әл-Фараби туралы былай деп жазған: «Иләһи ілімді іздеуге кіріскенде Аристотельдің «Ма баад ат-табийа» (Жаратылыстану туралы трактат) атты еңбегін оқудан бастадым. Бұл кітапты қанша оқысам да өзіме керегін таба алмадым. Осы кітапты қырық рет оқыдым. Кітаптың барлық сөздерін тіпті жаттап алдым, бірақ сонда да автордың түпкі ойын түсіне алмадым. Үмітімді үзген кезімде бір күні базарға бардым. Базарда кітап сатушы мына бір кітапты ал деп кішігірім кітапты ұсынды. Бағасы бар болғаны үш дирхем және оны сатушы адам ақшаға мұхтаж деген соң, сол кітапты алдым. Бұл кітап Әл-Фарабидің Аристотельдің өзім түпкі ойын түсіне алмаған кітабына жазған түсініктері екендігін білгенде қуанышымда шек болмады. Фарабидің жазған түсініктерін бір рет оқып шығып Аристотельдің түпкі ойларын бір дегеннен түсінген болатынмын». [9] Осыдан-ақ Фарабидың қаншама күрделі, күрмеуі көп философиялық еңбектердің күрмеуін шешіп,  түсінікті етіп халыққа таныстыра алғандығына куә боламыз.

      Енді негізгі тақырыпқа келсек, Әбу Наср Әл-Фарабидің медицинаға, химияға қатысы бар ма деп таң қалудың еш қажеті жоқ. Ортағасырларда тек дінді және тілді ғана үйретпеген, адам баласының өміріне қажетті деген ғылымның барлық саласын оқытатын болған. Қазіргі заманауи қоғамдағы бірнеше пәндерді мектептерде, ЖОО оқыту да осы ортағасырлық шығыстағы білім беру жүйесінен алынған. Бұл дегеніміз бір жағынан өзіміз ешбір жаңалық ашпағанымызды білдірсе, енді бір жағынан Еуропа елдерінің де осындай жан-жақты білім беру жүйесін ортағасырлық мұсылмандық шығыстан алғандығын көрсетеді.

   Ортағасырлық Шығыста әдетте оқыған, көзі ашық адам тіл, әдебиет, діннен басқа математикадан, медицинадан, астрономиядан хабары болмаса, оның қараңғы адамнан ешқандай айырмашылығы жоқ деп есептелген. Сондықтан медреседе оқитын кез-келген адам өзін-өзі емдей алатын деңгейде немесе дәрілік шөптерді қолдана алатын жағдайда медицина ғылымымен таныс болса дұрыс деп саналатын деңгейде оқытатын болған. Медицина жайлы айтқанда ботаника, биология және анатомия пәндері де қатар жүретіндігін айта кеткен жөн. Бұл қатарға химия пәнінің келіп қосылуы да қалыпты жағдай және қалыпты қажеттілік. Себебі медицина биологиясыз қарастырылмаса, химия пәнінсіз де қарастырылуы мүмкін емес. Көріп отырғанымыздай Әл-Фараби бір ғылым саласына зейін қою арқылы екінші, сосын үшінші, одан кейін төртінші саламен танысуды үздіксіз жалғастырумен болған. Өйткені ғылым салалары кәдімгі отбасы мүшелері секілді бір-бірімен ағайын-туыс болып келеді. Медицинаны зерттегенде оның туыстарын да қоса зерттеу қажеттіліктен туындайды. Ал тілді зерттегенде, әдебиет, дін, тарих, философия, логика, этика, эстетика, психология секілді пәндер туыс және өте жақын пәндер ретінде бірге зерттелсе, зерттеушінің көкжиегі кеңіп, ғылымы толыға түседі.

     Әбу Наср Әл-Фарабидың басты тақырыбымызға қатысты үш түрлі қысқа, бірақ аса құнды трактаттары бар. Олар: «Адам ағзалары туралы» (Об органах человеческого тела). Бұл еңбектің аты басқаша «Адам ағзалары жөнінде Аристотельге қарсы шығушы Галенді бекерге шығару трактаты» деп аталады, «Жануарлардың ағзалары мен олардың функциялары мен потенциялары туралы (Об органах животного, их функциях и потенциях», «Алхимия өнеріне қажеттілік туралы (О необходимостях искусства химии) деп аталады. Бұл трактаттардың алғашқы екеуі танымал грек философы Аристотель (б.д.д. 384-322 жж) мен танымал грек дәрігері әрі жазушысы Клавдий Галеннің (130-200 жж.) еңбектеріне жазылған түсініктер болып табылады. Әрине Әл-Фараби арасында өзінің де осы ғылым салалары туралы ойларын қосып отырған. Ғалымдар грек ғалымдарының еңбектері мен оған Әл-Фараби жазған түсініктерді салыстыра отырып, осындай тұжырымға келген.

     Әл-Фараби «Алхимия өнеріне қажеттілік туралы» атты қысқа еңбегін жалған алхимиктер мен осы ғылымды жоққа шығарғандардың дау-дамайын біржолата шешу мақсатында арнайы жазғандығын осы трактаттың басында атап көрсеткен. Ортағасырларда алхимия өнерімен көптеген адамдар айналысқан. Көбінесе алхимиктердің мақсаты «философиялық тасты» (философский камень) табуды және сол тастың күшімен арзан тастардан алтын мен күміс жасап, соларды сатып баю болған. Сонымен қатар, алхимиктер адамның барлық ауруларын емдейтін, адам ғұмырын ұзартатын «өмір элексирін» тапқылары келген. Сондықтан болар алхимиямен көбінесе магтар, сиқыршылар және жылдам пайда тапқысы келген адамдар айналысқан. Осының бәрін өз көзімен көрген, құлағымен естіген Әл-Фараби сондай адамдардың алдын алу мақсатында алхимия пәнінің өте маңызды ғылым саласы және үлкен өнер екендігін дәлелдеуді мақсат тұтқан.

   Ортағасырлық Шығыста Әл-Фараби бірінші болып пайдакүнем және көзбояғыш алхимиктерді сынап, оның түбі жақсылыққа апармайтынын айтқан адам. Фарабидің замандасы, танымал химик Джабир Ибн Хайянның ойынша «Физика және химия ғылымымен айналысушының міндеті сынақтар өткізуге негізделген. Білім тек сынақ жүргізу арқылы ғана қолға түседі» деп атап көрсеткен. [10]

    Әбу Наср Әл-Фараби алхимия өнерімен айналысатындарды екі топқа бөліп қарастырады. Бірінші топқа кіретіндер бұл өнерді жоққа шығарады және бұрмалайды, ал екінші топқа жататындар алхимия өнерін мақұлдайды бірақ оның мүмкіндігін асыра пайдаланады. Екі топ та ғұламаның ойынша қателеседі және алхимия өнерімен айналысатындар бұл өнерді ерекше құпия етіп көрсету мақсатында тек өздері ғана түсінетіндей етіп сипаттайтын және түрлі өлең шумақтарын қосып, одан сайын бұл ғылымды күрделендіре түсуге тырысқан. Сондықтан болар алхимия ғылымы біраз уақытқа дейін белгілі бір топтың ішінде ғана танылып қарапайым адамдарға түсініксіз, құпия ғылым болып келген. Бірақ, Әл-Фарабидың пайымдауынша алхимия өнері туралы жазылған деректер мен алхимиктердің сипаттауларына мұқият қарайтын болсақ, алтын мен күмістің аналогы жоқ. Яғни, бәрімізге белгілі бір алтын және бір күміс бар. Егер бұлардан басқа тағы бір алтын табылса, онда ол біз көріп жүрген алтындай бола алмайды. Бұл жерде қарапайым логика керек. Білімсіз адам шын мәнінде қарапайым тастан алтын мен күміс жасауға болатынына сеніп қалады. Алайда, білімді адам бұндай жалған сөздерге ешуақытта сенбейді. Фарабидың ойынша, алхимия өнерін терең түсіну үшін оны жан-жақты зерттеу керек және бірінші кезекте минерологияны зерттеп барып кіріскен дұрыс. Ал, минерологияны зерттеуден алдын философияны зерттеу керек. Философияның барлық қыр-сырын жан-жақты зерттеу заттардың шынайы сипатын аша түседі және абсолютті даналыққа негізделеді. Ал абсолютті даналыққа философ қана жете алады деп есептейді Әл-Фараби. [11]

    Әбу Наср Әл-Фараби Аристотельдің және басқа да ғұламалардың зерттеулерін қарастыра отырып, алхимия туралы екі түрлі мәселені анықтаған. Біріншіден, ғұламаның ойынша алтын, күміс және басқа да қымбат металдар жанбайды, бірақ балқиды. Металдардың айырмашылығы олардың формаларында емес, акциденциясында. Екінші анықтаған мәселе, ол типі бір екі түрлі заттың айырмасы тек акциденцияда, демек кез-келген екі түрлі затты бір-біріне өзгертуге болады. Егер, акциденция күрделі болса, өзгерту қиынырақ, ал оңай болса жеңіл. Көптеген адамдарды қателесуге бұрмалауға итермелеген мәселе осында жатыр. Сондықтан да алхимия туралы екі топтың да пікірі қате деп атап көрсетеді ғұлама. [12]

     Енді, медицина ғылымына тікелей қатысы бар «Адам ағзалары туралы» және «Жануарлар ағзалары туралы» трактаттарына тоқталамыз. Бірінші кезекте Фараби өзінің ұстазы Аристотель секілді медицина ғылымын дәрігерлік өнердің тәжірибелік типі деп атайды. Яғни, медицина ғылымы да алхимия секілді тәжірибеге негізделген ғылым саласы. Ал, оның объектісі – адам денесі мен оның ағзалары. Яғни, дәрігерлік өнерді тәжірибе жасау арқылы игеруге болады. Тәжірибені жүргізу үшін дәрігерге жануардың денесі мен ағзалары керек. Жануарға Аристотель адамды да жатқызған. Сонымен қатар, адам денесін емдеу барысында «Адамның» өзін емдеу аса маңызды. Адамды зерттеу үшін оның қорегін зерттеу арқылы емін жасауға болады деп атап көрсеткен. Адамның қорегін үш түрге бөлген. Олар жануарлар, өсімдіктер және минералдар. Адам баласы жануарлардың етін пайдаланатындықтан жануарлардың ауруларымен де дәрігер жақсы таныс болса, дұрыс ем жасай алады. Ал, адам қорек ретінде пайдаланатын өсімдіктер мен минералдар туралы да тура осы талап қойылады. Бұған қосымша дәрігер адам ағзаларын жетік білуі тиіс. Әр ағзаның құрылымы мен ерекшелігін жақсы білу арқылы аурудың түрлерін анықтауға болады деп жазады. Көріп тұрғанымыздай, дәрігер адамды зерттеу үшін жануарларды, өсімдіктерді, минералдарды зерттеп барып, ем-шара қолдана алады. Дәрігердің қаруы – дұрыс тамақтану, дәрілер мен скальпель және т.б. деген.[13] Шын мәнінде бүгінгі таңдағы медицина да дұрыс тамақтану – денсаулықтың кепілі деп түсіндіреді. Ал ет тағамдарын қолданғанда ерекше сақ болумен қатар, дұрыс пісіру керектігі барлық жерде айтылады. Ауырған малдың етін жемеу немесе ет тағамдарын дұрыс сақтау туралы да нұсқаулықтар бүгінгі таңда емес, Әл-Фарабидың заманында өзекті мәселе болғандығына көз жеткіземіз. Көріп тұрғанымыздай, медицина өнерін игеру терең және жан-жақты тәжірибені талап етеді және тәжірибе сәтті болуы үшін дәрігер адам баласы болмысының философиясын білсе, әлдеқайда оңай және сәтті жұмыс жасайды деген тұжырымға келген.

    Мақаламызды қорытындылай келе, Әл-Фарабидың ғылымның барлық салалары туралы еңбек жазғандығына тағы да бір рет көз жеткіземіз. Қаншалықты жерлес ғұлама философияға қатты мән бергенімен, медицина, химия және биология пәндерін айналып өтпеген. Керісінше аталмыш салаларды меңгеруді тәжірибелік ғылым және өнер деп атап көрсеткен. Ал, осы өнер түрлерін шын өнер етіп көрсету үшін зерттеушінің философиядан хабары болғаны дұрыс болатынын әр еңбегінде қайталап айтудан шаршамаған. Екіншіден, қазақ даласынан шыққан Әбу Наср Әл-Фараби энциклопедист ғалым дегенде оның қанша еңбегі бар екендігін жақсы білу әрқайсымыз үшін міндет әрі үлкен мәртебе. Ол дегеніміз әдебиетші де, философ та, тарихшы да, заң қызметкері де, дәрігер мен музыкант та, химия мен биология, физика мен математика салаларының мамандары мен т.б. сала  мамандары өздеріне керек маңызды мәліметтерді алысқа бармай Әл-Фараби бабамыздың еңбектерінен алуларына болады. Осы уақытқа дейін Еуропа ғалымдары ең қажетті мәліметтерді шығыс ғалымдарынан алып келді, соның ішінде Әл-Фараби де бар. Ал, біздер шығыс елдері тіпті ғұламаның еңбектерінің атын да толық білмейтініміз ащы да болса, шындық. Сондықтан биылғы жылы ғұламаның 1150 жылдығы аясында осы жіберген кемшіліктердің орнын толтыруға үлкен мүмкіндік бар. Ғалымдар жағы Әл-Фарабидың қанша еңбегі болса, соның барлығын мүмкіндік болғанша үлкен тираждармен жарыққа шығарып халыққа ұсынса, ал қалың оқырман қауымы соның ішінде мектеп мұғалімдері мен оқушылары да бар сол еңбектермен танысуға мүмкіндік тапса, ең игі іс осы болары анық. Сонымен қатар, Әл-Фарабидің «Алхимия өнеріне қажеттілік туралы» атты қысқа трактатын Химия пәнімен танысуды енді бастайтын оқушылардың оқулықтарының алғысөзіне кіргізсе (7 сынып) нұр үстіне нұр болар еді. Дәлірек айтқанда, еліміздегі әрбір оқушы Химия пәнін Әбу Наср Әл-Фарабидың жазған еңбегімен танысудан бастаса, осы пәнге деген қызығушылықтары мен ынталары артары сөзсіз. Сондай-ақ, Әл-Фараби қандай еңбектер жазған дегенде мүдірмей жауап берген болар еді. Оқушылардың бәрі Д. Менделеевті танығаны секілді Әл-Фарабиді де таныса деген ниеттен туындаған ой. Сонымен қатар, мектеп оқулықтарына пәніне қарай ғұламаның тіл, тарих, құқық, мемлекет, логика, музыка, математика, физика, поэзия және т.б. ғылым салалары туралы жазған аса маңызды мәліметтерін келтірген абзал. Оқушылар жастайынан әлемге танымал болған шығыс ғұламасының еңбектерімен танысулары олардың ғылымның сан алуан түріне, жалпы өмірге деген құштарлығын арттырады. Сөз соңында Әбу Наср Әл-Фарабидің өміріне қатысты аңызға айналған бірақ шын өмірде болған бір мәліметпен аяқтағанды жөн санадық. Әл-Фараби бабамыз 940 жылы қартайған шағында Сирияның Алеппо қаласына келіп біраз тұрған екен. Алеппоның билеушісі Сайф ад-Даула Әли Хамдани (943-967) өзінің жиналысына шақырып қандай өнері бар екендігін көргісі келіпті. Әбу Наср Әл-Фараби философтар, тіл мамандары, діндарлар мен математиктердің, алхимиктердің т.б. сұрақтарына аса сабырлықпен және асқан дәлдікпен жауап беріпті. Жиналыс соңына Әл-Фарбидің біліміне таң қалған Сайф ад-Даула енді дәм татып, музыка тыңдап көңілді отырайық деп музыканттарын шақырыпты. Әл-Фараби музыканттардың өнеріне риза болыпты, бірақ шамалы өзгеріс керектігін айтқанда бәрі таң қалып сіз музыкадан да хабарыңыз бар ма еді, деп сұрапты. Әл-Фараби ақырын ғана жымиып, дорбасынан өзінің музыка аспабын алып, ойнаған екен. Бірінші көңілді музыка ойнағанда, бәрі күліп, билеп, көңіл-күйлері көтеріліпті. Екінші рет мұңды да ойлантатын музыканы ойнапты. Сол кезде бәрі ойланып, өткен өмірлеріндегі күйініш пен өкініштер естеріне түсіп қайтты ойға шомып сілтідей тыныпты. Үшінші рет баяу да ерекше сезімге бөлейтін музыка ойнағанда барлық адамдар ұйықтап кеткен екен. Әл-Фараби болса, саз аспабын дорбасына салып, ары қарай жолға аттаныпты. Бұл Әл-Фараби бабамыздың музыка саласын соншалықты терең зерттегенін әрі музыкаға берілгендігін көрсетеді. Фарабидің басынан кешкен бұл ғибратқа толы оқиға кез-келген заманауи музыкантты ойлантуы тиіс деп ойлаймыз.

     Сөз соңында Әл-Фарабидың өмірі, кез-келген ғылым саласына арналған еңбектері бүгінгі күнгі ұрпаққа үлгі болса екен дейміз. Олай болса, біздер де ғұлама секілді қай өнер түрімен айналыссақ, қайсы бір ғылым саласын зерттесек түбіне жетіп, толық үйреніп шығуды Әл-Фараби сынды ғұламадан үйренгеніміз абзал. Әсіресе жастарды Әбу Наср Әл-Фараби секілді өнер мен ғылымды сүюге, үйренуге және зерттеуге шақырамыз. Ал, музыканы сүйетіндер айтарымыз Әл-Фараби бабамыздай ұйықтатып та, қуантып та ойлантып та тастайтын деңгейде музыка өнерін игерсе бек жақсы болар еді деп есептейміз.

      Қолданылған әдебиеттер:

  1. Аль-Фараби. Математические трактаты, А-Ата, 1972.
  2. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар, А-Ата, 1973.
  3. Әл-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. А-Ата, 1974.
  4. Әл-Фара6и. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. А-Ата, 1975.
  5. Aль-Фараби. Комментарии к “Алмагесту'” Птолемей. А-Ата, 1975
  6. Аль-Фараби. Логические трактаты. Алма-Ата, 1975.
  7. Аль-Фараби. Философские трактаты/ Абу Наср аль-Фараби; АН КазССР, Ин-т философии и права; [редкол.: Ш. Е. Есенов (отв.ред.) и др.].- Алма-Ата: Наука, 1972.- 429 с.
  8. Аль-Фараби. Естественнонаучные трактаты. Пер. с араб. / Абу Наср аль-Фараби; АН КазССР, Ин-т философии и права.- Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1987.- 495 с.
  9. А. Корбен. История исламской философии. Теһран: Кавир, 1994/1373. – 513 с.
  10. Ә. Асғар. Иран философиясының тарихы. Теһран: Зуввар, 2002. – 756 б.
  11. Е.А. Фролова. Проблема веры и знания в арабской философии. М: Наука, 1983. – С. 98.
  12. [1] Аль-Фараби. Математические трактаты, А-Ата, 1972.
  13. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар, Алматы, 1973.
  14. Әл-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. Алматы, 1974.
  15. Әл-Фара6и. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы, 1975.
  16. Aль-Фараби. Комментарии к “Алмагесту” Птолемей. А-Ата, 1975
  17. Аль-Фараби. Логические трактаты. Алма-Ата, 1975.
  18. Аль-Фараби. Философские трактаты/ Абу Наср аль-Фараби; АН КазССР, Ин-т философии и права; [редкол.: Ш. Е. Есенов (отв.ред.) и др.].- Алма-Ата: Наука, 1972.- 429 с.

[2]    Аль-Фараби. Естественно-научные трактаты. Пер. с араб. / Абу Наср аль-Фараби; АН КазССР, Ин-т философии и права.- Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1987.- 495 с.

[3] А. Корбен. История исламской философии. Теһран: Кавир, 1994/1373. – С. 224.  

[4] Ә. Асғар. Иран философиясының тарихы. Теһран: Зуввар, 2002. – 146 б.

[5] Аль-Фараби. Естественнонаучные трактаты. Пер. с араб. / Абу Наср аль-Фараби; АН КазССР, Ин-т философии и права.- Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1987.- С. 7.

[6] А.Корбен. История исламской философии. Теһран: Кавир, 1994/1373. – С. 226.

[7]Аль-Фараби. Естественнонаучные трактаты. Пер. с араб. / Абу Наср аль-Фараби; АН КазССР, Ин-т философии и права.- Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1987.- С. 9

[8] Бұл да сонда, 9-11 бб.

[9] Ә. Асғар. Ислам философиясының тарихы. Теһран: Зуввар, 2002. – 156 б.

[10] Е.А. Фролова. Проблема веры и знания в арабской философии. М: Наука, 1983. – С. 98.

[11]Аль-Фараби. Естественнонаучные трактаты. Пер. с араб. / Абу Наср аль-Фараби; АН КазССР, Ин-т философии и права.- Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1987.- С. 190

[12] Бұл да, 191 б.

[13] Бұл да, 143 б.

Дата публикации
13 августа 2020
Дата обновления
13 августа 2020
Тип
Информация

Сейчас читают

Информация
15 марта 2024
Легализация документов
Информация
15 марта 2024
Выдача, продление виз на въезд в Республику Казахстан и транзитный проезд через территорию Республики Казахстан
Информация
15 марта 2024
Оказание услуг для иностранных граждан

Социальные медиа

• Facebook

Меню подвал

Экранный диктор
Служба центральных коммуникаций при Президенте РК
Послания Президента РК
Государственные символы РК
Сайт Премьер-Министра РК
Сайт Президента РК
Термины и обозначения
Цели устойчивого развития
Концепция цифровой трансформации