«Heavy Trans» өкілдерімен кездесу туралы

«Heavy Trans» өкілдерімен кездесу туралы

2025 жылғы 23-27 ақпан аралығында «Heavy Trans» ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдаушылардың Ұлттық Қауымдастығының делегациясы Грузияда жұмыс сапармен болды.

Делегацияны Ұлттық Қауымдастықтың директоры Сайран Медеров пен Халықаралық жобалар жөніндегі орынбасары Дастан Оспанов бастап келді. Сапардың негізгі мақсаты жаңа бизнес-байланыстар орнату және дамыту, теңіз порттарын қоса алғанда,елдің көлік инфрақұрылымын зерделеу, сондай-ақ бірлескен жобаларға одан әрі қатысуды талқылау.

Грузин бизнесі мен Грузия Экономика және тұрақты даму министрлігінің өкілдерімен түйінді кездесулер өткізуді қамтамасыз еттіп,  сапарға Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігі ұйымдастырушылық қолдау көрсетті

Сапар аясында Грузияның GIRCA (Georgian International road Carriers Association) және FFAA (Freight Forwarders Association of Georgia) көлік қауымдастықтарымен келіссөздер жүргізілді, онда ынтымақтастық перспективалары және Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) дәлізі бойынша транзиттік тасымалдарды кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақстан тасымалдаушылары қауымдастығы өкілдерінің кездесулерінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мәлік Мырзалин делегацияны қабылдады. Кездесу барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты күшейтуді, Қазақстан мен Грузия арасындағы транзиттік әлеуетті дамытуды, сондай-ақ өңір арқылы жүк ағынын арттыруға бағытталған бастамаларға қатысуды қоса алғанда, одан әрі өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Қазақстандық және грузиндік тәуелсіз тасымалдаушылар логистикалық процестерді оңтайландырудың, инфрақұрылымды жаңғыртудың және екі елдің тасымалдаушылары үшін қолайлы жағдайлар жасаудың маңыздылығын атап өтіп, ТХКБ бойынша тасымалдау көлемін ұлғайтуға өзара қызығушылық танытты.

Грузияға жұмыс сапары көлік-логистика саласындағы екіжақты байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді және Қазақстан мен Грузия арасындағы жүк тасымалы саласындағы одан әрі ынтымақтастықтың негізін қалады, бұл халықаралық транзиттің дамуына және екі мемлекеттің де жаһандық логистика желісіндегі ұстанымдарын нығайтуға ықпал етеді.