Грузия Спикерінің Қазақстанға сапары жөнінде

Грузия Спикерінің Қазақстанға сапары жөнінде

2024 ж. 11-13 сәуірінде Грузия Парламентінің Төрағасы Шалва Папуашивилидің Қазақстан Республикасына ресми сапары өтті. 

https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-gruziya-parlamentinin-toragasy-shalva-papuashvilidi-kabyldady-1233643

Мемлекет басшысы Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилиді қабылдады

2024 жылғы 12 сәуір

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мейманға ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Оңтүстік Кавказ өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі – Грузиямен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Грузия арасындағы достық пен өзара түсіністік екіжақты байланыстарды тереңдету ісінде елеулі табысқа қол жеткізу үшін берік негіз болатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев парламентаралық диалогтың мемлекетаралық қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Бұл ретте «Қазақстан-Грузия» парламентаралық достық тобы ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге айтарлықтай ықпал ете алатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде қазақстандық бизнес Грузия экономикасының түрлі секторында қызмет етеді және екі елдің сауда-экономикалық қатынастарын одан әрі кеңейтуге үлес қосып келеді.

Кездесуде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, футболдан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының ақтық кезеңіне шыққан достас Грузия халқын құттықтап, сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Шалва Папуашвили құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына алғыс айтты. Сондай-ақ бұл Грузия Парламенті төрағасының Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары екенін, сондықтан оның сапары айтулы оқиға саналатынын атап өтті.

Шалва Папуашвили Грузияның Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады. Оның айтуынша, Тбилиси Астанамен жан-жақты байланыстарды, соның ішінде көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге ниетті. Бұл ретте Грузия Парламентінің спикері Мемлекет басшысының Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамыту туралы бастамасын қолдады.

https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id52278/1/1

Астана, 11 сәуір, Мәжіліс үйі.  Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилимен кездесті. Бұл – Шалва Папуашвилидің Астанаға алғашқы ресми сапары. Грузия Парламенті делегациясын қарсы алған Ерлан Қошанов қазақ және грузин халықтарын тығыз тарихи қарым-қатынас пен мәдени дәстүрлер байланыстыратынын атап өтті. Екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағалы тиімді саяси диалог жолға қойылды. Қазақстан Грузиямен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен мән береді. Бүгінгі кездесу парламентаралық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелерін кеңінен талқылауға мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Сапар барысында осы өзгерістермен кеңірек танысасыз деп ойлаймын. Олар биліктің барлық тармақтарының жұмысын толығымен қайта жандандырды және қоғамның саясатқа араласуын арттырды, – деді Мәжіліс спикері. Кездесу кезінде Ерлан Қошанов конституциялық реформа, Президент пен Парламент сайлауларының қорытындылары және Конституциялық Соттың қызметі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар жаңарған Мәжілістің заңнамалық қызметімен таныстырды. Өз кезегінде Грузия Парламентінің төрағасы Қазақстан тарапына қонақжайлығы үшін алғысын білдіріп, бұл ресми сапар парламентаралық қатынастың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. – Әрине, парламенттерде атқарушы биліктің тетіктері жоқ, бірақ олардың қолында екі маңызды құрал бар. Біріншісі – елдің даму саясатын айқындау, екіншісі – осы саясатты іске асыру үшін құқықтық база құру. Үкіметтеріміз екіжақты ынтымақтастықты табысты дамытуы үшін біз – депутаттар көп нәрсе жасай аламыз, – деді Шалва Папуашвили. Грузия делегациясының басшысы Қазақстан өңірлеріндегі су тасқынын тез арада еңсеруге тілектестік білдірді. Тараптар гендерлік теңдік, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, бюджет және салық заңнамасын реформалау, сәулет-құрылыс қызметі сияқты мәселелер бойынша екі ел парламенттерінің күн тәртібінің ұқсас екенін атап өтті. Спикерлер осы бағыттарда тиісті комитеттердің депутаттары арасында тәжірибе алмасуға келісті. – Әріптес ретінде Сіз заңнаманы жаңарту уақыт талабы екенін жақсы түсінесіз. Ал депутаттардың міндеті – түрлі салада болып жатқан өзгерістерге дер кезінде заңнамалық тұрғыда назар аудару, – деді Мәжіліс спикері. Тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы экономика, агроөнеркәсіп, көлік-транзит, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар Ерлан Қошанов грузиялық серіктестерді ынтымақтастықты нығайтудың бір мүмкіндігі ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысымен мұқият танысуға шақырды және Қазақстандағы грузин инвестицияларының құқықтық тұрғыда қорғалатынына сендірді.


https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/10945

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Грузия Парламентінің Төрағасы Шалва Папуашвилимен кездесті. Онда тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және тағы басқа өзекті мәселелерді талқылады.

Палата Төрағасы Грузиядан келген әріптесіне ілтипат білдіріп, бұл сапар парламентаралық өзара іс-қимылды және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге тың серпін беретінін айтты.

«Грузия – Қазақстанның Оңтүстік Кавказ өңіріндегі маңызды серіктесі. Сіздің сапарыңыз біздің парламентаралық өзара іс-қимылымызды, сондай-ақ, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Соңғы жылдарда сауда-экономикалық саласында белгілі бір нәтижеге қол жеткіздік. Бұл біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың драйвері екені анық. Біз түрлі бағыттағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы міндеттерді іске асыруға Парламенттер тарапынан да ықпал ете аламыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар кездесуде туристік, көліктік-логистикалық және басқа да салалардағы ынтымақтасты арттыру мәселелері талқыланды.

Сенат Спикері Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда іске асырылып жатқан кешенді әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға, сондай-ақ, Сенаттың заң шығару қызметіне де тоқталды. Атап айтқанда, жаңа экономикалық үлгі қалыптастыруға және елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға арналған шаралар туралы сөз болды.

Өз кезегінде Шалва Папуашвили көпжақты қатынастарды дамытуға мүдделі екенін білдіріп, Қазақстандағы саяси трансформацияның тиімділігін тілге тиек етті.