2023 ж. 11-12 тамызында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев қазақстандық үлкен бизнес делегациямен Грузияға жұмыс сапарымен келді.
Қазақстандық делегацияның құрамына «ТХКБ» халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Гайдар Әбдікерімов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның, KTZ Express, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК-ның, «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС-нің, PTC Holding, Caspian Offshore and Marine Construction және «Құрық портының» басшылары мен еліміздің басқа да ірі өнеркәсіп және көлік-логистикалық компаниялардың өкілдері кірді.
Аталған іссапарда Батумидегі мұнай терминалы мен теңіз портының қызметімен танысу, сондай-ақ Анаклия қаласындағы порттағы құрылысты бағамдап, Поти портындағы APM және PACE терминалдарына және Карс-Ахалкалаки теміржол учаскесіне бару көзделген.
Осы ретте М.Қарабаевтың Грузияға сапары аясында Поти портында контейнерлік терминалдың құрылыс орнында капсуланы қалау рәсіміне қатысуы жоспарланғанын айта кетейік.
Грузиядағы Қара теңіздің маңынан жаңа инфрақұрылымдық нысанды қазақстандық көлік-логистикалық PTC Holding компанияларының инвестициялық тобы салады. Аталған терминал Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға әсер етуге тиіс. Бұл Грузияның ірі порттарының бірінде іске асырылатын алғашқы қазақстандық жоба.
«Осы жобаны іске асырудың белсенді кезеңі биыл қыркүйекте басталып, құрылыс жұмыстары қазан айында қолға алынады. Ал нысанның жұмысын 2024 жылы жолға қою жоспарланған. Терминал 8 гектар аумақта орналасып, оның жылдық қуаттылығы 80 мың контейнерге дейін қабылдауға қауқарлы (20 футтық көлемде) болады», деді Марат Кәрімжанұлы.
М.Қарабаевпен бірге капсуланы қалау рәсіміне Грузияның Экономика және тұрақты даму вице-премьері Леван Давиташвили және PTC Holding-тің басқарма төрағасы Тимур Қарабаев қатысты.
Осыдан кейін ҚР ИИДМ басшысының Тбилисиде Л.Давиташвилимен екіжақты кездесуі өтті. Тараптар теңіз жолын дамытуға байланысты ынтымақтастық перспективаларын және сауданы кеңейту үшін өңірлік байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
https://www.gov.kz/memleket/entities/miid/press/news/details/601205?lang=kk