Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Қазақстанда жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда «халық жауларын» анықтау саясатының нәтижесінде 100 мыңнан астам адам сотталды, оның 25 мыңына ең жоғары жаза – ату шарасы қолданылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы № 456 Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ҚР ІІМ арнаулы архивтерінде 2 190, ҚР ҰҚК арнаулы архивтерінде қуғын-сүргінге қатысты 333 архивтік істер және 1937-1938 жылдардағы КСРО НКВД 7 нормативтік құқықтық актісі құпиясыздандырылды.

ҚР Бас прокуратурасы қуғын-сүргінге қатысты 2 млн. астам құжатты құпиясыздандырды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірыңғай республикалық деректер базасының сайты әзірленді (http://e-memory.kz/). Портал негізінде ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы республиканың қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарының барлық санаттарын қамтитын жүйелендірілген электрондық деректер базасы ұсынылған. Бүгінгі таңда сайттың толтырылуы 80% құрайды. Сайт Интернет-ресурстарда жалпыға қол жетімді. Оны өңірлік комиссиялардың материалдарымен үнемі толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.