Тбилиси, 2022 жылғы 23 сәуір – Грузияның астанасындағы Art BOOM шығармашылық орталығында Қазақстан Елшілігінің қолдауымен қазақстандық мүмкіндіктері шектеулі балалардың «Әлем балалар көзімен» атты суреттер көрмесі ашылды.
Батыс Қазақстан облысының арнайы мектеп-интернаттары тәрбиеленушілерінің жұмыстары «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қорымен ұсынылды. Көрмеге арнайы келген осы қордың басшысы Рада Хайрушеваның айтуынша, көрменің басты мақсаты қоғамға мүмкіндігі шектеулі балалардың таланты мен қабілеттерін көрсету, олардың өздерін жан-жақты ашуға және көрсетуге көмектесу.
«Көрме тек мәдени ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік миссияны да атқарады - даму ерекшеліктері бар балалардың шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасауға, сондай-ақ қоғамның назарын әлеуметтік инклюзия проблемасына аударуға ықпал етеді. Қазақстандық балалардың экспозициясы біздің алаңда өтіп жатқанына қуаныштымыз», - деді Art BOOM шығармашылық орталығының жетекшісі Юлия Андгуладзе.
Қоршаған ортаға, барлық жандарға мейірімділік шуағын шашқан, шынайылыққа, махаббатқа толы жарқын жұмыстар көрме келушілеріне ұмытылмас әсер сыйлады. Іс-шараның салтанатты ашылуына қатысушылар ерекше балалардың жақсы қасиеттері мен әлеуетін ашатын осындай бастамалардың маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті.
Қазақстандық суретші, «BEST» өнер мектебінің ұстазы Дәурен Ғұмаровтың сурет өнері бойынша шеберлік сабағы ерекше қуаныш тудырды, оған өз еліндегі әскери іс-қимылдарға байланысты Грузияда жүрген украиндық балалар да қатыса алды.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетуге арналған «Әлем балалар көзімен» атты жоба Қазақстанның барлық ірі қалаларын қамтып, ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен халықаралық деңгейге шықты, осындай іс-шаралар Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Литва, Латвия Израиль, Оман, Иран, Армения және Түркіменстанда өткізілді.