Қазақстан мен Грузия арасында саяси консультациялар өтті

Қазақстан мен Грузия арасында саяси консультациялар өтті

Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 21 қазан – Қазақстан Республикасы және Грузия Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өтті.

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов, грузиялық жақты Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Хвтисиашвили басқарды.

Келіссөздер барысында тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан – Грузия ынтымақтастығының жай-күйі мен келешегін қарады, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Екі мемлекеттің, түрлі халықаралық ұйымдар шеңберіндегі әрекеттестікті қоса алғандығы, сыртқы саяси өзара іс-қимылының табыстылығы атап өтілді.

Кездесуге қатысушылар инвестиция, сауда және туризм, сондай-ақ Қазақстан мен Грузияның көлік-транзиттік әлеуетін бірлесіп дамыту саласындағы ежіжақты ынтымақтастықтың терең деңгейін атап көрсетті. Бұл орайда грузин делегациясы Нұр-Сұлтан қаласында болу барысында аталған мәселелерді талқылау үшін Қазақстанның мемлекеттік органдарында басқа да кездесулер өткізуді жоспарлауда.

Қазақстан – Грузия қатынастарын дамытуды жеделдету үшін дипломаттар сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның кезекті 11-шы отырысын өткізудің орындылығын атап өтіп,  кең ауқымды мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жандандыруға және карантиндік шектеулерден біртіндеп шығуға қолғабыс көрсету туралы уағдаласты.