ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСОВ (1871-1948)

ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСОВ (1871-1948)

Қажымұқан Мұңайтпасов - қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тарихи деректерге сүйенсек ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген (кей зерттеулерде оның 1886 жылы туғандығы айтылады). 1901 ж. Омбыда балуандардың жарысы өтіп, Қажымұқан белгілі атлет И. Злобинмен кездеседі. Ол мұның балуандық күшін байқап, белгілі балуан И.В. Лебедевке жолығуын ұсынады. Осылайша Қажымұқан 1904-1907 жж. И.И. Лебедев мектебінде классикалық күрес пен цирк өнерін үйренеді.

Қ. Мұңайтпасов – орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрін меңгерген әлем чемпионы. 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Деректерде Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағаны айтылады. Дүниежүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды балуандармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу  нағыз ерлік болатын.

1895 жылы Киевте өткен балуандар күресінде Қ. Мұңайтпасов дүниежүзінің чемпионы атағын бірінші рет жеңіп алды. 1905 жылы Қытайдың Харбин  қаласында жапон чемпионы Саракикиді, 1906 жылы Германияның Берлин қаласында неміс балуаны Фон Кенигті, 1910 жылы дүниежүзінің чемпионы Ганс-Каванды, 1913-1916 жылдары Парижде дүниежүзі чемпионы Стурментті жықты. Бірақ орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған балуан онша ұнай қоймады. Сол үшін де Қ. Мұңайтпасов орыс балуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Осылайша балуанға неше түрлі лақап аттар берілді. Сол кездегі саясат бойынша, бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестірді. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері де болған. 1909 жылғы халықаралық балуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп бүкіл дүниежүзіне Қажымұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды. 1910 жылы Еуропа және Ресей балуандардың үлкен тобы Америкаға аттанды. Олардың ішінде Қажымұқан да болды. Оңтүстік Америка қалаларына жасалған турнеде Қажымұқанның ең сәтті өнер көрсеткен жері – Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласы. Сол жерде ол алтын медальмен марапатталды.

1911 жылы Қ.Мұңайтпасов Стамбулға барды. Сол кезеңде әлемде түрік балуандарынан мықты балуан жоқ сияқты көрінетіндігі соншалық, ол жаққа орыс балуандары аяқ баспайтын-ды. Осы ретте намысқой Қ. Мұңайтпасов өзі түркі халқының өкілі ретінде Түркияға баруға бел буды.

1913 жылы Қажымұқан Иван Поддубный, Иван Заикин, Николай Вахтуров және Алекс Аберг сияқты көрнекті палуандармен бірге бірнеше ірі халықаралық жарыстарға қатысты, кейбіреулерінде алғашқы үштік жеңімпаздар қатарынан көрінді.

1914 жылы Қажымұқан Нижний Новгород қаласындағы жарыста негізгі қарсыласы Вестергард Шмидтті жеңді.

Қ. Мұңайтпасов азамат соғысынан кейін күресті дамытуды қолға алды, Қазақстан аумағында түрлі чемпионаттар ұйымдастырды.

1937 жылы Қ.Мұңайтпасовтың ізіне ІІХҚ қызметкерлері түсіп қудалауға ұшыратты. Сол себепті отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалады.

Қажымұқан Мұңайтпасов Ұлы Отан соғысы басталған тұста екі жылға жуық цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша тауып, майданға жіберді.

Қ.Мұңайтпасов 1948 ж. Түркістан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Темірлан ауылында ескерткіш орнатылып,  1980 ж. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Темірлан ауылында мемориалдық музейі ашылған. 1986 ж. бастап Қ.Мұңайтпасов атында классикалық күрестен халықаралық турнирлер өтіп келеді.