Тбилисиде грузин тіліндегі Абай өлеңдері жинағының тұсаукесері болып өтті

Тбилисиде грузин тіліндегі Абай өлеңдері жинағының  тұсаукесері болып өтті

Ү.ж. 8 сәуірде Грузия Жазушылары үйінде қазақтың ұлы ақыны, жазушы және ағартушы Абай Құнанбайұлының грузин тілінде алғаш басылып шыққан өлеңдер жинағының тұсаукесері болып өтті. Тұсаукесерге Грузия Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағының, әдеби топтарының, сондай-ақ Қазақстан елшілігінің өкілдері қатысты.

Абай өлеңдерінің аудармашысы, Грузия Жазушылар одағының төрайымы, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Маквала Гонашвили өз сөзінде қазақ халқының ұлттық болмысы, рухы мен дүниетанымын қамтитын  Абай шығармашылығының жан-жақтылығы мен тереңдігін, онымен танысу екі мәдениеттің өзара баюы мен халықтардың жақындасуына қызмет ететінін атап көрсетті.

ҚР Грузиядағы Елшілігінің кеңесшісі Гүлмира Сұлтанәли Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен идеяларының Тәуелсіздік кезеңінде,  елімізді жаңғырту шеңберінде аса өзекті және үлкен сұранысқа ие екендігін атап көрсетті.

Бұл кеште әдебиетшілердің назарына Қазақстан мен Грузияда басылып шығарылған Маквала Гонашвили мен Ғалым Жайлыбайдың өлеңдер жинақтары да ұсынылды.

Грузин жазушылары Абай өлеңдерінің грузин тіліндегі аудармасына жоғары баға бере отырып, екі елдің шығармашылық қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты жалғастырудың, оның ішінде  қазақ және грузин ақындары мен жазушылары туындыларының екі тілді жинағын шығарудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық дипломаттар Грузия Жазушылар одағына Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы мен Қазіргі қазақ прозасы антологиясының даналарын сыйға тартты.