KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігін құру туралы

KazAID қазақстандық халықаралық даму  агенттігін құру туралы

Соңғы 20 жыл ішінде Қазақстан дамуға ресми көмекке ұқсас мақсаттарға шет елдерге 542 миллионнан астам АҚШ долларын бөлді. Қазақстан қысқа мерзім ішінде көмек алушы елден Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға көмек көрсету үшін басқа елдермен бірлесе жұмыс істейтін халықаралық донор елге айналды.

2013 жылғы 9 сәуірде ҚР Президентінің № 538 Жарлығымен ДРК саласындағы Қазақстан Республикасының Тұжырымдамасы бекітілді.

«Дамуға ресми көмек туралы» 2014 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, 2020 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігі құрылды. Осы Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі дамуға ресми көмек саласындағы уәкілетті орган болып табылады.

 

Дамуға ресми көмектің мақсаттары мен міндеттері

 

  1. Дамуға ресми көмек келесі мақсаттарды жүзеге асыруға жәрдемдесуге бағытталады:

 

1) Қазақстан Республикасының өңірлік және халықаралық байланыстар жүйесіне одан әрі интеграциялануына;

2) Қазақстан Республикасының даму стратегиялары мен бағдарламаларын табысты іске асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайлар жасауға;

3) бейбітшілікті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға;

4) серіктес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның азаматтарының әл-ауқатын арттыруға;

5) серіктес елдің қоршаған ортаны қорғау және климатты сақтау мәселелеріне басымдық беруге біртіндеп көшуіне.

 

 

  1. Дамуға ресми көмектің міндеттері:

 

1) дамуға ресми көмек саласында Қазақстан Республикасы қолдайтын халықаралық мақсаттарға қол жеткізуге жәрдемдесу;

2) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

3) Қазақстан Республикасының серіктес елмен саяси, экономикалық, білім беру, қоғамдық, мәдени, ғылыми және басқа да байланыстарын дамыту;

4) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері мен халықаралық ахуал ескеріле отырып айқындалатын серіктес елдің дамуына жәрдемдесу;

5) өңірлік ынтымақтастықты дамыту және өңірлік проблемаларды шешуге жәрдемдесу;

6) кедейлікті азайту;

7) қоршаған ортаны қорғау және климатты сақтау мәселелерін шешуге жәрдемдесу;

8) халықаралық шарттар және Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы басқа да міндеттемелері шеңберінде басқа да мәселелерді шешуге жәрдемдесу.

 

Дамуға ресми көмектің географиялық басымдықтары

 

Қазақстан Республикасының ДРК-нің географиялық басымдықтарын айқындау кезінде жаһандық дамудың сын-қатерлері, ұлттық әлеует пен қолда бар ресурстар ескерілді. Қазақстан Республикасы Орталық Азия елдері мен Ауғанстанды дамытуға көмек көрсету мәселесіне басымдық беру туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар, жалпы әлемдік күш-жігердің бір бөлігі ретінде Қазақстан Республикасының даму саласындағы қызметінде барынша синергетикалық әсерге қол жеткізу үшін қазақстандық ДРК Кавказ өңіріне, Африкаға, Латын Америкасына, шағын аралдық дамушы мемлекеттерге, неғұрлым аз дамыған елдерге, теңізге шыға алмайтын елдерге, сондай-ақ басқа да өңірлерге бағдарлануы мүмкін.

 

Дамуға ресми көмектің секторлық басымдықтары

 

Дамуға ресми көмек серіктес елдің мынадай секторларын дамытуға бағытталады:

 

1) ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі;

2) жаһандық және өңірлік экологиялық бастамаларды дамытуға жәрдемдесуді қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау;

3) табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;

4) трансшекаралық су проблемаларын шешуге жәрдемдесу;

5) шекарадан өту рәсімдерін жеңілдетуге ықпал ету;

6) қақтығыстардың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

7) адам саудасын, заңсыз көші-қонды және қарудың заңсыз айналымын қоса алғанда, есірткінің заңсыз айналымына және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес;

8) білім және ғылым;

9) денсаулық сақтау;

10) мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру;

11) кәсіпкерлікті қолдау және бизнес-ахуалды жақсарту;

12) өңірлік және халықаралық сауданы дамыту, соның ішінде теңізге шыға алмайтын елдердің көліктік және өзге де инфрақұрылымға қол жетімділігін арттыру арқылы;

13) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарымен айқындалатын өзге де секторлар.

 

Дамуға ресми көмекті іске асыру

 

Дамуға ресми көмек келесі нысандарда жүзеге асырылады:

 

1) халықаралық гранттар;

2) басым секторларда жаңа объектілер құру (салу) немесе бұрыннан бар объектілерді реконструкциялау;

3) тиімді шарттар бойынша несиелер;

4) халықаралық ұйымдарға дамуға ресми көмек үшін ерікті жарналар есебінен жүзеге асырылады;

5) серіктес елмен бірлескен қорлар құру;

6) техникалық көмек;

7) халықаралық шарттар шеңберінде Қазақстан Республикасы қабылдаған өзге де нысандар және дамуға ресми көмек саласындағы өзге де міндеттемелер.

 

ДРК саласындағы халықаралық ынтымақтастық

 

ДРК саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында негізгі донорлармен және халықаралық даму институттарымен мазмұнды әріптестік байланыстар орнатылған.

Атап айтқанда, АҚШ-тың USAID халықаралық даму агенттігімен, Жапонияның JICA халықаралық ынтымақтастық агенттігімен, Германияның GIZ халықаралық ынтымақтастық және даму қоғамымен, Кореяның KOICA халықаралық ынтымақтастық агенттігімен, Словакияның SlovakAID халықаралық даму агенттігімен, Чехияның Czda халықаралық даму агенттігімен ынтымақтастық дамып келеді.

2015 жылғы мамырда VIII Астана экономикалық форумы аясында Сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп «Қазақстанның ДРК жүйесі. Бүгінгі және ертеңгі ДРК қажеттіліктері мен сын-тегеуріндері».

Қазақстанның ДРК саласындағы жаһандық диалогқа және үйлестіру қызметіне қатысуының маңыздылығын ескере отырып, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Дамуға жәрдемдесу комитетімен (ДЖК) ынтымақтастық орнату және тереңдету мәселесі ДРК қазақстандық жүйесін қалыптастыру жөніндегі жұмыстағы басым бағыттардың бірі болып табылады.

Осыған байланысты, 2015 жылғы шілдеде ДЖК-да Қазақстанға «Шақырылған» ресми статусы берілді.

 

Қазақстандық ДРК жүйесінің пилоттық жобалары

 

Қазақстан БҰҰ Даму бағдарламасымен және донорлық ұйымдармен бірлесіп бірқатар ДРК жобаларын іске асырды:

2014-2017 жылдары Қазақстандағы БҰҰДБ-мен «Қазақстанда ДРК ұлттық жүйесін құру мақсатында сараптамалық қолдау» бірлескен жобасы іске асырылды.

2017 жылы Қазақстандағы БҰҰДБ мен израильдік «MASHAV» халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігімен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, Орталық Азиядағы серіктес елдер үшін қазақстандық ДРК пилоттық жобасы (Алматы және Нұр-сұлтан (Астана) қалаларында Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдері үшін ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-практикалық семинар) іске асырылды.

2017-2018 жылдарда БҰҰДБ және Жапония СІМ-мен бірлесіп әзірленген «Қазақстанға дамуға ресми көмек саласында Ауғанстанмен ынтымақтастықта жәрдемдесу» жобасы іске асырылды. Жоба шеңберінде Ауғанстан әйелдеріне арналған екі семинар өткізілді (2017 жылғы шілдеде – мемлекеттік басқару саласында және 2018 жылғы наурыз-сәуірде – денсаулық сақтау саласында).

2018 жылы ДРК механизмі арқылы «Назарбаев университетінде» шетелдік студенттерді оқыту жобасы іске асырылды. Осы жобаға сәйкес Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін 2018-2020 және 2020-2022 оқу жылдарына білім беру гранттары берілді.

2020 жылы Тәжікстанның пенитенциарлық мекемелерін (БҰҰДБ және БҰҰ ЕҚБ бірлесіп) күзет құралдарымен жабдықтау жөніндегі жоба іске асырылды.