Қарағанды мен Гори бауырлас қалаларға айналады

Қарағанды мен Гори бауырлас қалаларға айналады

Қарағанды, 27 сәуір – Қазақстан Республикасының Қарағанды облысына Гори, Каспи, Карели және Хашури муниципалитеттеріндегі мемлекеттік өкілі (губернатор) Симон Гуледани бастаған грузин делегациясы жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесу өтті. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қарағанды мен Гори қалалары арасында бауырлас байланыс орнату туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Қазақстан мен Грузия арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болды.

Аймақ басшысы өңірдің өзара тиімді серіктестік үшін ашық екенін айтып, өнімі әлемнің 50-ден астам еліне, соның ішінде Грузияға жеткізілетін облыстың экспорттық әлеуетінің зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, тауар айналымын арттыру және іскерлік байланыстарды жандандыру қажеттігі айтылды. Туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасауға ерекше назар аударылды.

Грузия тарапы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге қызығушылық білдірді. Симон Гуледанидің айтуынша, туризммен қатар ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру салаларында да ынтымақтастықтың әлеуеті зор.

Гори қаласының мэрі Константин Бузаладзе Қарағандының Қазақстандағы Гори қаласының алғашқы бауырлас қаласы болатынын атап өтіп, жылы қабылдау үшін алғыс білдірді және экономикалық, туристік және басқа да бағыттардағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді.

Меморандумға қол қою Қазақстан мен Грузия арасындағы өңіраралық байланыстарды кеңейтуге, экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және гуманитарлық қатынастарды тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.