Грузиядағы Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері 1121 жылы Құрылысшы Давид IV патшаның әскері Селжұқтарға қарсы Дидгори шайқасында жеңіске жеткен күнге арналған, жыл сайын 12 тамызда аталып өтетін грузиннің халықтық мейрамы — Дидгороба мерекесін тойлауға қатысты.
Айта кетерлігі, грузин жылнамасы «Картлис цховреба» деректеріне сәйкес, Дидгори шайқасында Селжұқтарды талқандауда патша Давидтің өтінішіне үн қатқан Артық хан бастаған қыпшақ жауынгерлері маңызды рөл атқарған.
Дидгори шайқасындағы жеңіс Грузия тарихындағы «Алтын ғасырдың» басталуына жол ашты. Бұл кезеңде Грузия өз мемлекеттілігінің, экономикасының және мәдениетінің гүлденуіне қол жеткізді.
Қазақстандық дипломаттар мерекелік шара аясында ұсынылған мәдени мұра үлгілерімен, халық қолөнерімен танысып, театрландырылған және хореографиялық қойылымды тамашалады.