Caspianlife, 27 мамыр. Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстандық «Air Astana» әуе компаниясы 27 мамырдан бастап Атырау – Тбилиси бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашты. Рейстер аптасына үш рет орындалады.
Бүгін таңертең CaspianLife оқырмандары редакцияға Грузия астанасы Тбилисидің халықаралық әуежайында Атыраудан келген алғашқы әуе рейсінің салтанатты түрде қарсы алынғаны жөнінде хабарлама жолдады. Қонақтарды ресми делегация мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қарсы алған. Бұл рейстің маңыздылығын көрсету үшін ұшақтың жанынан өрт сөндіру көліктері су бүркіп, трап жанында салтанатты түрде қызыл лента қиылған. Әуежай ғимаратында қонақтар үшін фуршет пен концерттік бағдарлама ұйымдастырылған.
Еске салсақ, биылғы ақпанда «Air Astana» әуе компаниясы 27 мамырдан бастап Атыраудан Тбилисиге тікелей рейстер ашылатынын хабарлаған болатын. Ұшулар аптасына үш рет – сейсенбі, жұма және жексенбі күндері жайлы Airbus ұшақтарымен жүзеге асырылады.