Елші Б. Атамқұлов «NRG BI» компаниясының директоры  Д. Әділхановпен кездесті

Елші Б. Атамқұлов «NRG BI» компаниясының директоры  Д. Әділхановпен кездесті

ҚР-ның ӨР-дағы Елшілігінде ҚР-ның ӨР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б. Атамқұловтың «NRG BI» компаниясының директоры  Д. Әділхановпен кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар компанияның Өзбекстандағы ағымдағы қызметін және елдің құрылыс нарығындағы қатысу аясын кеңейту перспективаларын талқылады.

Анықтама: «NRG BI» – Өзбекстандағы «BI Group» компаниясының еншілес құрылымы болып табылады және негізінен Ташкент қаласында тұрғын үй және көпфункционалды құрылыс жобаларын іске асырып, елордалық құрылыс нарығында елеулі үлеске ие. «BI Group» – 1995 жылы құрылған Қазақстандағы ірі инвестициялық-құрылыс компанияларының бірі. Компания тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік, инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік құрылыс, сондай-ақ девелопмент және жобаларды басқару салаларында қызмет атқарады. Жобаларын Қазақстанда жүзеге асырып, сондай-ақ АҚШ, БАӘ және Өзбекстан нарықтарында ұсынылған. Компанияның миссиясы – «Бақыт саламыз».

Д. Әділханов «NRG BI» Ташкент қаласының құрылыс нарығында маңызды позицияға ие екенін және тұрғын үй мен көпфункционалды құрылыс сегментінде жобаларды іске асыра отырып, заманауи девелопмент стандарттары мен цифрлық басқару құралдарын енгізіп жатқанын атап өтті. Нарықтағы алты жыл ішінде компания жалпы көлемі 560 000 шаршы метрді құрайтын 27 жобаны жүзеге асырып, 5 000-нан астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз еткен. Бұл компанияның нарықтағы позициясын нығайтып, тұтынушылар сенімін арттырды. Сонымен қатар компания жергілікті мамандарды тарту арқылы кадрлық әлеуетті дамытуға басымдық беріп, әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларды іске асыруға белсенді қатысады.

Сонымен бірге, Д. Әділханов Өзбекстанда инвестициялық қызмет үшін тұрақты әрі болжамды жағдайлар жасалғанын, бұл ұзақ мерзімді жобаларды жоспарлауға және нарықтағы қатысуды кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша «NRG BI» компаниясының Өзбекстанда жобаларды одан әрі дамытуға мүдделілігі расталды. Елші     Б. Атамқұлов құрылыс және инвестициялар саласындағы қазақстан-өзбек ынтымақтастығын нығайту мақсатында компания қызметіне қолдау білдірді.