2025 жылғы 29 наурызда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Алматыға келді.

2025 жылғы 29 наурызда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Алматыға келді.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға жұмыс сапарымен келді

Мәртебелі мейманды Алматы әуежайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.

Бүгін мемлекеттер басшылары бейресми кездесу өткізіп, қаладағы бірқатар нысанды аралап көреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Алматы тау шаңғысы кластерімен танысты

Қала әкімі Ерболат Досаев президенттерге Іле Алатауының асқаралы шыңдарын көрсетіп, Кіші Алматы шатқалындағы «Медеу» селден қорғау бөгетін салу тарихы жөнінде айтты. Сонымен қатар шетелдік және жергілікті альпинистер мен туристер арасында танымал бағыттар таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев қала әкімінің еліміздегі ең ірі «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты жөніндегі есебін тыңдады. Қазіргі кезде мұнда 5 аспалы жол жұмыс істеп тұр. Ал шаңғы тебуге арналған трассаның жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Былтыр Шымбұлаққа 1,4 миллион адам келген.

Мемлекеттер басшылары Алматының туристік әлеуетіне жоғары баға берді. Олардың пікірінше, әсем табиғат аясында орналасқан және дамыған инфрақұрылымы, сапалы жолы бар тау шаңғысы курорты – Орталық Азиядағы қысқы және жазғы демалысқа лайық ең тартымды орындардың бірі.

Президенттерге Алматы тау кластерін одан әрі дамыту перспективасы туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, «Шымбұлақтың» қазіргі тау шаңғысы трассасын 56 шақырымға дейін ұзарту және жаңадан 65 шақырым инфрақұрылым салу жоспарланып отыр.

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері «Медеу» спорт кешеніне барды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев «Медеу» мұз айдынын аралап көріп, тау шатқалында орналасқан бірегей нысанның тарихынан сыр шертетін фотокөрмемен танысты.

Мұз айдынының әлемдік спорт тарихындағы орны ерекше. Президенттерге 1972-1991 жылдары мұнда әйелдер мен ерлер арасында өткен жарыстарда барлық қашықтық бойынша 247 рет рекорд орнатылғаны жөнінде айтылды. «Медеу» әлі күнге Қазақстанның ең танымал туристік нысандарының санатына кіреді. 2024-2025 жылғы маусымда мұз айдынына 460 мың адам келген.

Мемлекеттер басшыларына «Медеуді» орнықты туризм моделі бар әлемдік деңгейдегі орталыққа айналдыруды көздейтін жаңа даму жобасы таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев алматылық спортшы Евгений Кошкинмен әңгімелесті. Ол биыл Әлем кубогінің соңғы екі кезеңінде жеңімпаз атанып, Азия ойындарында жүлделі орыннан көрінген болатын. Жуырда өткен Қазақстан спартакиадасында спортшы айқын жеңіске жетіп, 100 метр қашықтықта бейресми әлем рекордын жаңартты (9,31 секунд).

Бұдан кейін мемлекеттер басшылары мәнерлеп сырғанау шеберлерінің өнерін тамашалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бейресми кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманның Алматыға сапармен келгеніне ризашылық білдіріп, мұндай бейресми кездесулер жақсы дәстүрге айналғанын айтты.

– Бұл – бауырлас, достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмысты іскерлік сипатта тағы бір талқылауға орайлы сәт. Біз – одақтас елдерміз. Екі ел арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бауырлас халықтарды жақындастыруға, аймақтың орнықты және қауіпсіз дамуындағы ортақ мақсаттарды ілгерілетуге Шавкат Мирзиёевтің зор үлес қосқанын атап өтті.

Өзбекстан Президенті екіжақты байланыстарды нығайтуды көздейтін бүгінгі кездесудің маңызына тоқталды

– Мені өзіңіздің туған жеріңіз, атап айтқанда, Алматы қаласында достық пейілмен, екі халықтың дәстүріне сай ілтипатпен қарсы алып жатқаныңызға рақмет. Өзімнің және халқымның атынан ризашылығымды білдіремін. Соңғы жылдары қарым-қатынасымыз мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Біз – одақтаспыз. Өзара сыйластығымыздың арқасында көптеген мәселе шешімін тауып келеді, екеуара уағдаластықтардың барлығы іске асырылып жатыр. Нақты нәтижелер бар. Сізді Қазақстанның зор табыстарға жетуімен құттықтаймын. Экономикаларыңыз дамып келеді, жетістіктеріңіз жоғары. Бірінші тоқсанды 5,4 пайызбен қорытындылап отырсыздар. Бүгінгі кездесуіміздің сипаты ресми болмаса да, мен үлкен құраммен келдім. Дегенмен әрбір осындай бейресми жүздесулер біздің байланыстарымызға, барлық келісімдеріміздің орындалуына тың серпін береді, – деді Шавкат Мирзиёев.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, энергетикалық, су шаруашылығы, өнеркәсіп кооперациясы және туризм салаларындағы өзара ықпалдастықтың перспективасын жан-жақты талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылды.

Кездесу соңында президенттер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері AlmatyFairai көрмесіне барды

Жасанды интеллектінің дамуына арналған көрмеде мемлекеттер басшылары GovTech, Fintech, BigTech, Smart City бағыттарындағы озық шешімдермен танысты. Сонымен қатар IT-компаниялардың жетістіктері, инновациялық және білім беру жобалары қойылған арнаулы аймақты аралап көрді.

Өзбекстан Президентіне Аlemai халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл орталық мыңдаған маманның жасанды интеллект саласы бойынша білім алуына және стартаптарды іске қосуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевке Ұлттық жасанды интеллект платформасы таныстырылды. Оның көмегімен мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыруға болады.

Сонымен қатар президенттерге ұлттық экономикадағы ЖИ әлеуетін арттыруды және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауды көздейтін AI-Sana білім беру бағдарламасы туралы мәлімет берілді.

Президенттерге Орталық Азиядағы ірі технопарктер альянсы – Central Asian Innovation Hubs қызметі жөнінде мәлімет берілді. Былтыр Қазақстан мен Өзбекстанның ірі технопарктерінің лигасы стартаптар экожүйесін дамыту және әлемдік нарықта инновацияны ілгерілету мақсатында осы бренд аясына бірікті.

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың туындыларын тамашалады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейіне барды.

Мәртебелі меймандарға Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет берілді. Музей коллекциясында суретшінің шеберлігі шыңдалған негізгі кезеңдерді айшықтайтын 450-ге жуық туындысы мен графикалық кескіндемесі сақтаулы тұр.

Сонымен қатар мемлекеттер басшылары өзбек бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, ұлты қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевтың шығармашылығына арналған ретроспективалық көрмені аралап көрді.

Көрмеге И.В. Савицкий атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік өнер музейінен, Орал Таңсықбаевтың музей-үйінен, Өзбекстан мемлекеттік өнер музейінен және Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінен 76 жұмыс қойылған.

Президенттер қылқалам шеберінің ерекше қолтаңбасы мен ұлттық бейнелеу өнеріне үлес қосқан шығармашылық мұрасымен танысты.

Алғаш рет Орал Таңсықбаевтың әр кезеңдегі картиналары бір кеңістікте орналастырылды. Бұл жұмыстардың арасында 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басындағы алғашқы туындылардан бастап жылымық дәуірінің үлкен полотноларына дейін бар.