Сурхандария облысында қазақстандық сауда павильонының салтанатты ашылуы өтті

Сурхандария облысында қазақстандық сауда павильонының салтанатты ашылуы өтті

2025 жылдың 14 наурызда Сурхандария облысының Термез қаласындағы Айритом еркін экономикалық аймағында қазақстандық сауда павильонының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов, Өзбекстан Республикасы Инвестициялар, индустрия және сауда министрінің орынбасары Хуррам Тешабаев, Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Елшілігінің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасов, Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Айритом АЭА-дағы өкілі Сайед Закир Шах, АИЭ Сауда және өнеркәсіп министрлігінің, сондай-ақ үш елдің іскер топтарының өкілдері қатысты.
Павильонның ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болды, бұл қазақстандық өндірушілерге Өзбекстан мен Ауғанстан нарығына шығуға, экспортты кеңейтуге және аймақтық деңгейде өз ұстанымдарын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер береді.
Павильонның инфрақұрылымы тауарларды жеткізуді жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар қазақстандық өнімді таныстыруға, іскерлік кездесулер өткізуге және жаңа келісімшарттар жасауға қолайлы жағдай жасайды.

Анықтама: Айритом еркін экономикалық аймағы Ауғанстанмен шекарадағы негізгі сауда және логистикалық хаб болып табылады, оның ішінде 1800 сауда нүктесі, сыйымдылығы 50 000 тонна логистикалық және медициналық орталық, қонақүйлер, сондай-ақ қаржылық және техникалық қызметтер орналасқан. Ауғанстан азаматтары үшін 15 күнге дейін визасыз режим белгіленді, бұл трансшекаралық сауданың белсенді дамуына ықпал етеді. 2025 жылға қарай келушілер саны 1,5 миллионға дейін артады, ал орталық арқылы тауар экспорты 1,2 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін.