Қазақстан-Өзбекстан қатынастарының назарында транзиттік-көлік және логистика саласын дамыту

Қазақстан-Өзбекстан қатынастарының назарында транзиттік-көлік және логистика саласын дамыту

Ташкент, 2024 жылғы 12 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан Республикасының Көлік министрі Илхом Махкамовпен жұмыс кездесуі өткізілді.

Кездесу барысында 2024 жылы транзиттік-көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың қорытындылары шығарылып, Мемлекет басшылары мен Үкімет басшыларының кездесулері мен сапарларының нәтижелері бойынша берілген тапсырмалар мен келісімдердің орындалу барысы қаралды.

Тараптар автомобиль, теміржол тасымалдары және екі ел арасындағы әуе қатынасы сияқты өзара іс-қимылдың негізгі аспектілерін талқылады. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе рейстерінің қарқынды дамуы, сондай-ақ жаңа бағыттарды ашу жоспарлары, екі ел арасындағы көлік және туристік байланыстарды нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.

Кездесуде автотасымалдаушылардың жұмысына қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сәйкес бақылау-өткізу пункттерін жаңарту, олардың жоғары жүктеме кезеңдерінде жұмысының үйлесімділігін қамтамасыз ету, өткізу қабілетін арттыру және көлік ағынын оңтайландыру мәселелері қаралды.

Автомобильдік жүк тасымалдарының оң динамикасы атап өтіліп, екіжақты ынтымақтастықтың тиімділігі артып келе жатқаны көрсетілді. Сонымен қатар, келіссөздер барысында өзара сауда көлемін ұлғайтуға ықпал ететін тарифтік шаралар, сондай-ақ Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тасымалдарын кеңейту перспективасы талқыланды. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік маршрутын (ТХКМ) дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

Кездесу соңында қатысушылар екі ел арасындағы көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту мен жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Шекара маңындағы аймақтардағы өткізу қабілетін жақсартуға және логистикалық үдерістерді жетілдіруге ерекше назар аударылды.